Отандық банк секторының халықаралық рейтингтегі позициясы көтерілді
Банк секторының салалық және елдік тәуекелдерін бағалайтын S&P Global Ratings халықаралық агенттігі Қазақстан позициясын 8-топтан 7-топқа көтерді. Бұл көрсеткіш елдегі банк саласының тәуекелдері төмендегенін көрсетеді. Сондай-ақ қаржы секторын қадағалау күшейгенін айғақтайды.
Агенттік өз есебінде Қазақстан банк секторының макроэкономикалық сын-тегеуріндер мен геосаяси тәуекелдерге орнықтылығын көрсетті деп мәлімдеді. Оған қоса қабылдаған шаралар жүйеде дағдарыс болдырмауға және нарықтық өзгерістер аясында тұрақты операциялық қызметті қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.