БҚО экономикасына ₸595 млрд инвестиция тартылды
Батыс Қазақстан облысында биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,6%-ке өсіп, 595 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды 24KZ. Өнеркәсіп саласында 2,6 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал таяу 5 жылда өңірде 42 инвестициялық жобаны іске қосып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Соның ішінде газ өңдейтін зауыт құрылысы, калий тұзын өндіру, тұрмыстық химияны дамыту, газотурбиналық электр стансыларын салу жоспарда.
Өңір экономикасын әртараптандыруда биыл жалпы құны 16 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылды, 368 тұрақты жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында сорғы-компрессорлық құбырлар шығаратын мына зауыт та бар. Кәсіпорын биыл өнім номенклатурасын қенейтіп, корпустық муфталар өндіруді қолға алған.
Александр Безруков, зауыт директоры:
- Жоғары технологиялы трубалар шығарамыз. Біздің өнім мұнай-газ кеніштерінде қолданылады. Жыл сайынғы өнім көлемі 35 мың тонна. Ал биыл 40 мың тоннаға жетті. Оның бәрі – жабдықтарды модернизациялаудың арқасы.
Өнеркәсіп саласында биыл өңірде 2,6 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Осы комақты көрсеткішке коммуналдық және арнайы техника шығаратын зауыттың да қосқан үлесі зор. Мұнда өрт сөндіру көліктерінен бастап, автоцистерналар, вакуумды көліктер шығарылады.
Серік Сәтенов, зауыттың сату бөлімінің басшысы:
- Егер өткен жылы біздер 251 дана арнайы техника жасап шығарсақ, биыл бұл көрсеткішті 350-ге жеткізу жоспарда. 67%-ке дейін жұмыстарды өзіміз атқарамыз. Қазір орман өртін сөндіруге арналған арнайы жүрдек техниканы толықтай өзіміз ойлап жасадық. Ол көлік тиісті сынақтан өтті. Таяу уақытта сериялы өндіріске қоямыз.
Жыл басынан бері өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,6%-ке өсіп, 595 млрд теңгеге жуықтаған. Соның ішінде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 647 млн долларды құрап отыр. Өңір экономикасын әртараптандыруда 2029 жылға дейін 48 инвестициялық жоба іске аспақ. Түрік инвесторларымен бірге химикат өндірісі, кәрістермен бірге қалдықтарды қайта өңдеу, жылыжай салу, қытайлармен бірге газотурбиналық электр стансыларын салу, отандық инвесторлардың калий тұзын өндіру, газ өңдеу, көкөніс қоймасын салу жобалары жоспарда.
Жанна Бекқалиева, БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Алдағы 5 жылға 2,4 трлн теңгеге 48 жобаның тізімі жасақталды. Бүгінгі күнге енді жалпы индустриалдық аймақ бойынша 3 жоба, бетон зауыты жұмыстанып жатыр. Енді қалған екі жоба бойынша... 3Д панель мен хиимиялық кешен бойынша жобалар дайындалып жатыр.
Айтарлықтай өсім ауыл шаруашылығында да байқалады. Өңірдегі ірі ет өңдеу комбинаты «Кублей» биыл 396 тонна қой етін Иранға экспорттаған. Бордақылау алаңдары 11 айда 12 мың ірі қараны шетелге шығарған. Былтыр ол көрсеткіш 11 700-ден аспаған екен. Ірі қара экспортына квота көбеюі мал бордақылау кешендерінің де жұмысын жандандырып отыр. Янайкин бордақылау кешеніне жаңа инвестор келсе, Талдыпандағы мал семірту алаңы кеңейтілген. Бөкей Ордасында 1200 басқа бордақылау алаңы салынған.
Ерқанат Сатыбалдиев, кәсіпкер:
- Бұл жерде 5 адам жұмыспен қамтылады. Қалғаны бәрін техника жасайды. Мал осы айналадан ауыл тұрғындарынан, көршілес аудандардың шаруа қожалықтарынан алынады. 250 тоннадай ет шығару деп бір жылға мақсат қойып отырмыз.
Облыста сүт өңдеу саласы кенже қалғаны жасырын емес. Сауда сөрелеріндегі сүттің төрттен бірі ғана оралдық өнімдер. Ал қалғаны көрші облыстардан не Ресейден тасымалданады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өңірде 4 сүтті-тауарлы ферманың құрылысы басталды. Сонда жергілікті өнім үлесі 40% жетпек. Азық-түлік қауіпсіздігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы да сүбелі үлес қоспақ.
Серікбол Аюпов, БҚО ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы бағдарламаға 2,5% төмен пайызбен 6,4 млрд теңге бөлініп, 992 микрокредит беріліп, 1135 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Ағымдағы жылы 6,3 млрд теңге бөлініп, 750 микрокредит беріліп, 1402 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Батыс Қазақстан облысында биыл құрылыс та қарқын алды. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін өңірде 889 үй жаңадан салынса, 1939 пәтер сатып әперілді. Баспана кезегінде тұрғандарға арнап 758 үй бой көтерді. Бір ғана Бәйтерек ауданында 8 ауылында биыл 54 үй салып тапсырылды.
Марат Ожақов, ауыл тұрғыны:
- 5 қызым бар. Енді осы Чиров ауылынан берілген үйге қуанып, осы ауылға енді бет алдық. Жаңа үй жаңа қоныс болып, осы ауылға енді орналасамыз деген ой бар. 4 жыл бұрын тіркеліп едік. Бүгінде енді кезегі келіп, қуанып жатырмыз.
Өңірде әлеуметтік нысандардың құрылысы да басты назарда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында биыл 24 нысан тапсырылады. Білім беру саласында 6 мектептің құрылысы аяқталады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 6 білім ордасының тапсырылуы келер жылға қалса, жаңадан тағы 8 мектептің құрылысы басталады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.