Ұлытау өңірінің экономикасына ₸154 млрд инвестиция құйылды
Өткен жарты жылда Ұлытау облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 799 млрд теңгеге жетті. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш республикада 4-ші орында. Өткен жылы өңір экономикасына тартылған инвестиция 30%-ке артты. Биылдың өзінде құны 34 млрд теңгені құрайтын 9 инвест жоба жүзеге асты. Жаңадан 200 жұмыс орны құрылды. Өндірісті өңірде экономиканы әртараптандыру жұмыстары келер жылы да жалғасады. Бұл туралы облыс әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының тұрғындарымен кездесуде айтты.
Биыл өңір экономикасына 154 млрд теңге инвестиция құйылды. Жаңаарқада мал сою цехы бар шаруашылық, Жезқазғанда жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы іске қосылды. «Ұлытау құс» брендімен нарыққа шыққан өнім қазірдің өзінде еліміздің өзге аймақтарына сатыла бастады. Бұдан бөлек, сауда және қызмет көрсету саласында 73 жаңа нысан ашылды. Бүгінде облыстың әрбір бесінші тұрғыны бизнес саласында жұмыс істейді. Экономиканы әртараптандыру бағытында соңғы жылдары туризм кластерін дамыту қолға алынды.
Дастан Рыспеков, облыс әкімі:
- Жыл сайын туристер санының артуына байланысты тарихи нысандар көп орналасқан жерлерде жаңа қонақүй кешендерін салу қажеттілігі бар, бұл қосымша инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Осы бағыт бойынша 3 қонақүй кешені іске қосылды. 2025 жылы тағы 2 қонақүйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Облыс бюджетінің 80%-і әлеуметтік салаға бағытталды. Тек биылдың өзінде 30-ға тарта білім беру нысаны жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін 3 балабақша мен 4 спорт кешені ашылады. Тұрғындар өтінішімен ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталығы және кардиологиялық бөлімше қолданысқа берілді.
Дастан Рыспеков, облыс әкімі:
- Ағымдағы жылы 8 денсаулық сақтау нысаны салынды және жыл соңына дейін 6 нысан пайдалануға беріледі. Облыс орталығында болашақта 250 адамға арналған емхана салу жоспарланған. Сонымен қатар перинаталдық орталығы және онкологиялық бөлімшесі бар заманауи көпбейінді аурухана салу көзделген.
Кездесу барысында көпшілік өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Жол жөндеу, экологиялық ахуалды оңалту бағытында жасалған жұмыстар айтылды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.