Шымкент экономикасын дамытуға ₸536 млрд инвестиция тартылды

Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерінің түсімі 5,2% өсті, деп хабарлайды 24kz.

Сала мамандары оң өзгерісті өндірістік жылыжайда өсірілген қияр мен қызанақтың өнімділігімен байланыстырады. Биыл аймақта тамақ өнеркәсібін дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамту үшін индустриялық кешен ашылды. Жалпы 2,7 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар пулы жасақталып, кәсіпкерлікті одан әрі қолдау тетіктері қарастырылды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қала аумағындағы 5 гектар өндірістік жылыжайда жиын-терім науқаны аяқталды. Шаруалар қияр мен қызанақтың көшетін өздері шығарып, келесі маусымға дайындықты бастады. Қожалық иесі Бауыржан Аршабаевтың сөзінше, сұраныс жылдағыдан өсіп, мың тонна табиғи таза өнім саудалаған.

Бауыржан Аршабаев, шаруа қожалықтың төрағасы:

- Толық циклға өзіміз өттік. Қазір Недерландыдан да Ресей, Украинадан да, еш жерден агроном жалдап жатқан жоқпыз. Өзіміз ұрықты сатып алып, одан көшет шығарып, оны отырғызып, өнім аламыз. Бізде санитарный зона ғой. Қазір ешкімді кіргізбейміз.

Шымкентте 47 шаруашылыққа тиесілі 100 гектар жылыжай бар. Оның жартысына жуығында ауыл шаруашылық өнімін алу үшін гидропоника әдісі пайдаланылып, тамшылатып суарылады. Нәтижесінде көкөністің сапасы мен өнімділігі артты. Жылыжай иелері барлығы 88300 тонна өнім жинады. Ал олардың коммуналдық шығындары үшін жергілікті бюджеттен 767 млн теңге субсидия бөлініп, қаржылай қолдауға ие болды.

Жәнібек Тоғаев, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Былтырғы жылмен салыстырғанда егістік жағынан мың гектарға аз. Ал өнімді алу сапасы жағынан былтырға қарағанда мың тонна артығымен алып отырмыз. Жалпы қала халқына керегі 263 мың тонна болса, соның 12,7% қалалық шаруалардың түсірген өнімімен қамтамасыз етіп отырмыз.

Қаланың демографиялық өсіміне байланысты ауылшаруашылық жері тарылды. Сондықтан егістікті тиімді пайдаланып, заманауи өндірістік кешен салуға басымдық берілді. Биыл инвестициялық құны 50 млн АҚШ доллары болатын орталық Азиядағы ірі жылыжайдың құрылысы басталды. Жалпы 650 гектар жерде көкөніс өсіріліп, 5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жылыжай кешенін салуға көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған жер таңдалды. Қазір құрылыс қарқын алып, техникалар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Ірі жоба халықаралық ынтымақтастық келісімі аясында жүзеге асырылады. Түрік компаниясының өкілдері агроөнеркәсіпті дамыту үшін соңғы технологияларға инвестиция құюға ниетті.

Шағын және орта бизнес әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке оң әсер етті. Қалада барлығы 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тамақтану орындары мен қызмет көрсету, өндіріс пен өнеркәсіп құрылды. Ал азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі үшін жаңа индустриялық аймақта 10 инвест жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімі жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 56%-ті құрайды. Бұл бізде 2018 жылы небәрі 36%-ті құраған болатын. Цехтан бастаған кәсіпорындар біздегі индустриялық аймақтардан үлкен жобаларын жүргізу үшін құжаттарын өткізіп, кейбірі іс бастады.

«Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағындағы алғашқы жобалардың бірі желтоқсанда іске қосылады. Қазір түрік инвесторлары шикізат қорын толықтырып, қондырғыларды соңғы тәжірибелік сынақтан өткізіп жатыр. Жергілікті 150 адам үш ауысыммен жұмыс істеп, тәтті мармелад өнімдерін шығаратын болады.

Ильяс Узун, зауыт өкілі:

- Ұн керек, қант керек. Ұн Қазақстанда жақсы. Ең жақсы ұн Қазақстанда. Содан кейін осы жерді таңдадық. Өзбекстан болсын, Қырғызстан болсын, Әзербайжан болсын, осындай зауыт жоқ. Біз бірінші болып ашып жатырмыз. Сату басталғаннан кейін біз өзіміз арзан сатамыз.

Ел Президенті әлем елдерімен сауда-саттық айналымын жақсарту үшін Шымкент әуежайын мультимодольды орталыққа айналдыру міндетін жүктеді. Жергілікті мамандар әуе кемелерінің жолын жаңғыртып, логистиканы жетілдіру мақсатында сметалық-құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жолдады. Оң қорытындысы шықса, ұшып-қону жолағы ұзартылып, жүк көтеру қабілеті 60 %-ке арттырылады.

Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бұл жобада біздің Шымкент қаласы үшінші категориялы болып, барлық ұшатын самолеттардың типтерін қабылдай беретін болады. Яғни, ешқандай шектеу болмайды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты көбінесі шектеулер болатын. Бұның бәрі алынып тасталады. Бұл өз кезегінде әуе-жүк тасымалына оң септігін тигізетіні сөзсіз.

Биыл Шымкент қаласының экономикасы 12% өсті. 2 индустриалды аймақ іске қосылып, 536 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Барлығы 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік көмек алушылардың қатары былтырғы жылмен салыстырғанда 30% темендеген.

Авторлары; Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов