Қазақстан жаңартылатын энергияны игеру жөнінен Орталық Азияда көш бастап тұр
Қазақстан жаңартылатын энергияны игеру жөнінен Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр, деп хабарлайды 24kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұған саладағы реформалар ықпалын тигізген. Мәселен 2018 жылы елде күн, жел, гидро және биогаз станцияларының өндірісін салуға аукциондық сауда-саттық жүйесі енгізілді. Бүгінде елде 148 нысан жұмыс істеп тұр. Барлығын қоса алғандағы қуаты 2,9 гигаватты құрап отыр. Үкіметаралық келісімдердің аясында 1 гигаваттық бірнеше ірі стратегиялық станция салыну жоспарланған. Мысалы Жамбыл облысында Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы жел электр станциясын салмақ.
Рүстем Қыдырбеков, ҚР Энергетика министрлігі жаңартылған энергия көздері департаменті директорының орынбасары:
- Сол сияқты тағы да сол Жамбыл облысында француздың «Тоталь» компаниясы 1 гигаваттық жел электр станцияларын салмақ. Одан бөлек, біз ҚХР-мен үкіметаралық келісімге қол қойдық қойдық осы ЖЭК жобаларын іске асыру бойынша. 1,8 гигават күн және жел станцияларын салады. Сондықтан біздің Орталық Азияда көшбасшы мемлекеттің бірі болып табыламыз осы сала бойынша.
Жаңартылатын энергия станцияларының бір ғана кемшілігі – энергияны тұрақты өндіре алмайды. Соның өзінде Үкімет қуат қорын кепілді сақтауды міндеттемек. Энергетика сарапшысы Данияр Серіковтың айтуынша, бұл да алдын ала ойластырылған ұтымды шешім. Құзырлы ведомствоның осы жылғы жұмысын оң бағалаған ол тарифтің өсіміне пікір білдірді.
Данияр Серіков, энергетика саласының шолушысы:
- Алдағы бес жылда электр энергиясының тарифі 2 есеге өсу қатері сақталады. Қазір көтерме нарықта 20 теңге тұрса, демек алдағы 5 жылда 40 теңгеге дейін жоғарылауы мүмкін. Бұл жердегі әңгіме көтерме баға жайлы. Электр желілерін қамтитын KEGOC және аймақтардағы электр таратушы компаниялар тарифке қосымша ақы қосады ғой? Қазір мысалы Қазақстан бойынша киловатт сағатына орта есеппен 35-40 теңге төленсе, алдағы уақытта 60 теңгеге жетуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте электр қуаты нарығында бәсекелестікті дамыту аса маңызды.
Ол үшін алдымен электрқуаты нарығындағы деффициттен арылу қажет. Бүгінде Қазақстан 1,5 гигаватты көрші Ресейден алып отыр. Тәуелділікті болдырмас үшін әлбетте, энергетика нысандарын жаңғырту қажет. Кешенді іс-жоспар түзілген. Соның бір парасы Семей, Көкшетау, Өскеменде жаңа ТЭЦ құрылысының жоспарын қамтыған.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров