2035 жылға дейін энергетика саласында қуаты 26 ГВт болатын нысандар ашылады

 Алдағы 5 жылда елдегі жылу энергетикасын дамытуға 8 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады. Қазір энергияның 60%-тен астамы көмірден алынып отыр. Ал Үкімет жаңартылатын энергия көздерін көбейтуге күш салып жатыр.

Былтыр осындай 16 нысан жұмысын бастады. Алдағы уақытта күн, су мен желден энергия өндіретін тағы 50 нысан іске қосылмақ.

Энергетика саласында 2035 жылға дейін қуаты кемінде 26 ГВт болатын нысандарды қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Үкіметтің арнайы жоспары бекітілді. Қазір елде 222 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 6 конденсациялық электр станциясы, 41 жылу электр орталығы, 14 газ-турбиналық, 7 газ-поршендік және 6 су электр станциясы бар. Ал басым бөлігі – жаңартылатын энергия көздері. Бұлардың саны 150-ге таяп қалды. Қазір елде осы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға күш салынып отыр. Мұндағы 148 нысанның 40-ы – судан, 59-ы – желден, 46-сы – күннен және 3-уі биогаздан энергия өндіреді. Бұл кәсіпорындардың жалпы қуаты – 3 ГВт жуықтайды.

Елдегі қуат көздері:

Барлығы – 222

КЭС – 6

ЖЭО – 41

ГТЭС – 14

ГПЭС – 7

СЭС – 6

ЖЭК – 148

Жаңартылатын энергия көздері:

Барлығы – 148

СЭС – 40

ЖЭС – 59

КЭС – 46

БЭҚ – 3

Жалпы қуаты – 2,9 ГВт

Батыс аймаққа айрықша көңіл бөлініп отыр. Биыл Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бағдарламасы аясында 14 жобаны іске асыруға қаржы бөлінді. Жобалардың бірі Орал қаласында жүзеге асты. Яғни «Ақжайық» ауданында қосалқы станция іске қосылды. Жалпы кейінгі жылдары батыс аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Былтыр «Батыс Қазақстан-Атырау-Маңғыстау» бағытында электр желісі тартылды. Бұл желінің ұзындығы – 780 шақырым.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Келесі қадам ретінде 2028 жылдың соңына дейін батыс аймақтың электр желілерін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіру жобасы іске асырылады. Ол үшін Ақтөбе және Атырау облыстарын жалғайтын ұзындығы 604 шақырым болатын электр желісі салынады. Бұл солтүстік және оңтүстік аймақтардың электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін батыс аймақтың маневрлі газ энергия көздерін пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылы басталады.

Жыл соңына дейін 5 ЖЭК жұмысын бастайды. Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары күшейді. Сонымен қатар инвестиция тартуға да ерекше назар аударылып отыр. Мәселен елде Қытай компанияларының қатысуымен 4 энергия көзі салынады. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаты – 1,8 ГВт. Қарағанды және Павлодар облыстарында жел станциялары, ал Түркістан облысында күн станциясы тұрғызылады. Қытай тарапы жобаларға 2 млрд доллар инвестиция жұмсамақ. Жалпы, 11 айда жаңартылатын энергия көздері 6,4 млрд кВт/сағ қуат өндірді. Биыл қуаттылығы 35 МВт-қа жуықтайтын 3 кәсіпорын жұмысын бастады. Яғни Ақмола облысында 2 жел электр станциясы, Жамбыл облысында 1 күн электр станциясы іске қосылды. Осы уақытқа дейін 1800-ден астам жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындар саны жыл соңына дейін ұлғая түспек.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Биылғы жылдың соңына дейін қуаттылығы 128,4 МВт болатын тағы 5 жаңартылатын энергия көзі қолданысқа беріледі. Олардың үшеуі Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарында орналасқан. Бұл жел электр станцияларының жалпы қуаты – 110,5 МВт. Сондай-ақ Алматы облысында жалпы қуаты 17,9 МВт болатын 2 су электр станциясы іске қосылады. Қазір жобалар кешенді тестілеуге дайындалып жатыр. Электр қуаты осы айдың соңына дейін өндіріле бастайды.

Энергетика саласына 8 трлн теңге инвестиция тартылады. Елде жылу энергиясына сұраныс өсіп келеді. Саланың қуатын арттыру үшін 2029 жылға дейін 8 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту арқасында өндіріс көлемі 5,6 ГВт-қа артады. Үкімет былтыр қуаты шамамен 9 ГВт болатын жаңа нысандар салу туралы шешім қабылдады. Қазір бұл жобалар бойынша жұмыстар басталды. Сондай-ақ Үкіметтер арасында бірнеше келісім жасалды. Мәселен, Қатармен келісім аясында Қызылорда облысында бу-газ қондырғысы тұрғызылады. Құрылыс жұмыстары 2029 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар Ресей Үкіметімен жасалған келісім бойынша Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтары салынады. Көмір жағатын бұл орталықтар 2030 жылға дейін салынып бітеді. Аталған жобалардың барлығы Үкіметтің 2035 жылға дейінгі жоспары аясында жүзеге асып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.