Биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терімге 324 млрд теңге бөлінді
Биыл көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі 180 млрд теңгеге ұлғайды.
Нәтижесінде елдегі 5 млн гектардан астам жер игеріліп, астық жылдағыдан бітік шықты.
Алдағы көктемгі егіс және жиын-терім уақытылы жүргізілуі үшін биыл қарашада «Кең Дала 2» бағдарламасы іске қосылды. Артықшылығы сол, қарыз алушыларға 5% мөлшерлеме көлеміндегі несие беріледі. Ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы - Аграрлық несие корпорациясының облигациялары бойынша субсидиялау арқылы іске асады. Бұршақ және майлы дақылдарды өсіретін ақмолалық шаруа бағдарлама бойынша несие алғанын айтады. «Осылайша келер жылдың қамына ертерек кірісуге мүмкіндік алдық», дейді Ислям Маржақыпов.
Ислям Маржақыпов, шаруа:
- Қаржыға желтоқсанның басында қол жеткіздім. Баршаңызға мәлім, біздегі доллар бағамы құбылып тұр. Сырттан алдыратын пестицид пен гербицидтерге келісімшарт жасап, алдын ала ақысын төлеп тастадым. Яғни келер жылға өзім үшін шығын құнын белгілеп, ендігі баға өсіміне алаңдамайтын болдым.
2024 жылы Бәйтерек холдингі көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанына 324 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген. Қаражат 5300 шаруаға үлестіріліп, нәтижесінде 5 млн гектардан аса егіс алқабы игерілді.
Нұрболат Айдапкелов, «Бәйтерек» холдингі төрағасының бірінші орынбасары:
- Биылғы біздің көмегіміз жалпы 676 млрд теңгені құрап отыр. Ол дегеніміз былтырғы қаржымен салыстырғанда 41 пайызға өсіп отыр. Бұл деген үлкен ауқымды өсім. Келесі жылы ол цифр өседі.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы арқылы 244 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде ел бойынша 11,9 мың техника мен жабдық алынды. Бұдан бөлек 11 айда «Iскер» және «Агробизнес» бағдарламалары арқылы 248 мыңнан аса мал басы сатып алынды. Бұған 63 млрд жуық қаражат жұмсалды.
Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев