«Самұрық-Қазына» отандық өндірушілермен 182 млрд теңгеге офтейк келісім-шарт жасасты
«Самұрық-Қазына» биыл отандық өндірушілермен 182 млрд теңгеге офтейк келісім-шарт жасасты.
Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12 есе көп. Ұлттық әл-ауқат қоры қазақстандық бизнес өкілдеріне барынша қолдау танытып, жыл сайын жаңа бастамаларды қолға алып келеді. Әсіресе кәсіпкерлермен тұрақты кездесу ұйымдастырып, маңызды тетіктерді бірлесе талқылайды. Мәселен, соңғы 3 айдың ішінде осындай 8 дөңгелек үстел өтті. Оған компаниялардың 500-ден аса өкілі қатысты.
«Самұрық-Қазына» қоры жыл басында отандық өндірісті дамытуға арналған жаңа бастамаларды қолға алды. Оның ішінде компания басшыларына KPI белгіледі. Офтейк-келісімшарттар енгізді. Қазақстандық өнім үлесін қадағалау үшін арнайы мониторинг іске қосылды.
Азамат Сембай, методология, бақылау және сатып алулар мониторингі департаментінің директоры:
- Жыл басынан бері осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» 182 миллиард теңгеге рекордтық 298 офтейк келісім-шарт жасасты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12 есе көп. Жалпы бізде 16-дан астам шара бар. Бұл шаралар сатып алу процесінің барлық циклында қолданылады. Мұндай шаралар тек «Самұрық-Қазынада» бар.
Бұдан былай офтейк-келісім-шарттардың уақытын 20 жылға ұзарттуға болады. Келісім-шарттарды инвестицияға айырбастауға да мүмкіндік бар. Ең басты талап – өнім Қазақстанда дефицит болуы керек.
Азамат Сембай, методология, бақылау және сатып алулар мониторингі департаментінің директоры:
- Биыл біз 1 трлн теңгеден астам сомаға отандық өндірушілер өнімін сатып алдық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 83%-ға артық. «Самұрық-Қазынаның» сатып алу процесінде отандық тауар өндірушілердің үлесі 82%-ға. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жақында оны Қаржы министрлігі де атап өтті.
Ұлттық әл-ауқат қорының сатып алу жүйесіне әлемдік қаржы институттары жоғары бағасын берді. Олардың қатарында Еуразиялық қайта құру және даму банкі, сонымен қатар Азия даму банкі бар.
Аслан Қаженов, Диас Кобыланбаев