Қостанай облысында алты сүт фермасы салынып жатыр
Қостанай облысында 6 ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында қолға алынған бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Соңғы жылдары Қостанай облысында тәуекелі көп егіншіліктен гөрі төрт түлік өсіруге бет бұрыс байқалады. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек-қолдаудың да септігі мол.
Алты тауарлы-сүт ферманың бірі Алтынсарин ауданындағы Басбек ауылында салынып жатыр. 660 ірі қараға арналған ферманы осы жыл аяғына дейін толық іске қосу мақсаты тұр.
Талғат Тапаев, ферма басшысы:
- Менің ойымша, бүгінде мал шаруашылығының әлеуеті зор. Оны дамытуға мүмкіндік бар. Бізге мемлекет осы жобаны жүзеге асыруға 2,5%-пен 3 миллиард теңге берді. Одан бөлек, демеу қаржысы тағы бар.
Жеңілдетілген несиеден бөлек, ферма құрылысына, құрал-жабдықтар және мал сатып алуға да субсидия қаралған.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Президентіміздің тапсырмасы бар ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2028 жылға қарай екі есе көбейту және қайта өңделген өнімнің көлемін 70%-ке дейін жеткізуіміз керек. Осы тапсырманы орындау үшін былтыр 6 ферманың құрылысын бастадық. Биыл ол толығымен бітеді және де тағы да биыл осындай бірнеше фермалардың құрылысын бастайын деп жатырмыз.
Осындай жобалардың арқасында ауыл тұрмысы да жақсарып келеді. Мысалы, Алтынсарин ауданына қарасты Обаған ауылында жаңа екі пәтерлі 8 үйдің кілті иелеріне тапсырылды. Ал Большой Чураков елді мекенінде мәдениет үйі ашылды.
Талғат Қапиятов, ауыл тұрғыны:
- Екі бағытта, спорт және мәдениет бағытында жұмыс атақаратын болады. Қазақша күрес, дзюдо, еркін күрес, ал өнер бағыты бойынша домбыра, би үйірмелері жүреді.
Жаңадан салынып жатқан тауарлы-сүт фермалары, біріншіден, ауылдықтар үшін тұрақты жұмыс көзі. Ал экономикалық тиімділгі жағынан келсек, алты ферманың іске қосылуымен өңірде сүт өндірісі 43 мың тоннаға артпақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.