Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Қытай Халық Республикасы ынтымақтастықты арттыру мақсатында біріккен жобаларды жүзеге асырады. Бұл туралы форум аясында өткен панельдік пікірталаста айтылды. Басқосуда Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттер мен Қытай елі бірлесе даму жолдарын талқылады. Мәртебелі меймандардың қатарында Еуропалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саргсян, Қытай Халық Республикасының коммерция министрінің орынбасары Фу Цзыин, Армения премьер-министрінің орынбасары Тигран Авинян бар. Сарапшылар экономиканы дамытуға кедергі келтіретін сын-тегеурінге қарсы бірлесе күресу керек дейді. Бұл ретте сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бірқатар мәселені шешеді. Айта кетейік, 2003 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей президенттері біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы келісімге келіп, оның тұжырымдасына қол қойған болатын. Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары: – Біз шет мемлекеттердің де нарығын инвестициялаймыз. Оның ішінде Қытай да бар. Мәселен, Қазақстан тауар тасымалында транзиттік елдердің қатарына жатады. Сол сияқты Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де Ресей және Беларусь елдерімен осы бағытта өте белсенді жұмыстар атқарып келеміз. Қырғыз және армениялық әріптестермен тағы қандай ортақ жобаларды қолға алуға болатынын талдап көреміз. Бұл барлық тарапқа тиімді. Тигран Саргсян, Еуразия экономикалық комиссиясының алқа төрағасы: – Бүгінде сауда айналымы 100 млрд долларға жетіп отыр. Атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экспорты өткен жылы 40 пайызға өскен. Біз үшін экспорттың әртараптандырылып жатқаны маңызды. Бүгінде бұл – тек шикізат емес, көлік құрастыру сияқты дайын өнімдер.