Алматы қаласының Астанадағы мәдениет күндері ЕХРО 2017 алаңындағы амфитеатрда аяқталды. Апта бойы Арқаны әнге бөлеген өнерпаздар елордалықтарды өз шеберлігімен тәнті етті. Сахнаға көтерілген жүздеген өнер иелерінің қай-қайсысы да осал емес. Роза Рымбаева бастаған алдыңғы толқын Мәдина Садуақасова, Айқын Төлепберген, Қайрат Нұртаспен жалғасып, талай мықтылар таңдайдан бал тамызды. «Дос-Мұқасан» бастаған бірнеше топтың өнері де әнмен өрілді. Күмбірлеп күй де төгілді. Сахналық қойылымдарға да кезек тиді. Қолөнер шеберлерінің туындылары, суретшілердің жаңа шығармалары жұртшылық назарына ұсынылды. Ал Алматының этноауылына келгендер көрме-жәрмеңкені тамашалады. Арқаны кеңге салған салтанатты Арқаны асқақ Алатау әнмен әлдиледі.