378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Менің атымды әлемге әйгілі етуге уәде берді – Ержан Максимнің атасы

  • 317
  • UPD: 22:43, 09.11.2019

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осы айдың аяғында Польшаның Гливице қаласында өтетін балалардың «Евровидение» байқауында ел намысын Ержан Максим қорғамақ.

Түрлі халықаралық өнер додаларында топ жарып, өз қабілет-қарымын миллиондарға мойындатқан жас таланттан халқымыз бұл жолы да зор үміт күтеді. Батысқазақстандық «Хабар 24» тілшісі жас әншінің ата-әжесімен тілдесіп қайтты.

Түрлі байқауларға барарда, алыс сапар алдында Ержан ата-әжесінің ақ батасын алмай жолға шыққан емес. Осыдан екі ай бұрын Мәскеуге аттанарда да ол үлкен шаңыраққа соғыпты. Атасының ақ тілегі мен әжесінің бауырсағына тойыпты.

Гүлжиян Есқалиева, Ержанның әжесі:

- Мен осы келеді-ау деген уақытта, «ия, барам әже» деген уақытта бауырсақ пісіріп қоямын. Сол менің бауырсағым ерекше ме, менің көңілім үшін айта ма, «әжемнің бауырсағындай болмайды, сендердің бауырсақтарың» деп айтады, қайдан білейін?!

Ержанның әншілік қабілеті 3 жасынан бастап айқын аңғарылыпты. «Сол кездің өзінде ол үй ішінде ән айтпаса жүре алмайтын еді», - дейді әжесі. Ал бес жасында саз мектебінде дәріс алған. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, 4 баладан тараған 19 немеренің ішінде Ержанның орны ерекше», - дейді атасы Максим. 8 жасында Сан-Ремодағы байқаудан жүлделі келгенде, ол атасының атын әлемге танытуға уәде берген екен.

Максим Есқалиев, ержанның атасы:

- «Ата, мен сіздің атыңызды әлемге әйгілі етемін», - деді ғой. Сосын мен оған біртүрлі болып қалдым ғой .Өзім ойлаған жоқпын. «Осы Қазақстанға әйгілі етсең де жарайды ғой», - дедім. Бірақ ол сол айтқанына тұрды. Мәскеуге «Дети. Голос» байқауына барып келгеннен кейін жан-жаққа шақыртып жатыр, МузТВ-ға шақыртты. Соның бәрі өнерінің арқасы ғой.

Содан бері Максим ағамыз ғаламтордан көз жазған емес. Әлеуметтік желі арқылы немересінің не істеп, не қойғанынан хабардар болып отырады.

«Жуырда италиялық әнші Андреа Бочеллидің сүйемелдеуінде ән айтқанын көргенде көңілім толқыды», - дейді ол.

Максим Есқалиев, Ержанның атасы:

Бочеллимен кездесті ғой. Ол пианинода ойнап отырды, Ержан соның өлеңін айтып тұрды. Димаш бар, бір әйел бар, Лара Фабиан ба екен. Солардың көзінше өлең айтып тұрғанда көзімнен жас шығып кетті. «Соны көрсем, тәлім-тәрбие алсам» деген арманы бар еді. Енді тілейтінім, бірінші орын алса екен.

Ержанның кластастары да алдағы өнер додасында жас әншіге жеңіс тілейді. Мектеп табалдырығын аттағаннан бері бірге оқыған достарын шын сағынғандарын айтады.

Меруерт Қайдар, №34 мектеп оқушысы:

- Қазіргі қатысып жатқан байқауына сәттілік және де жеңіс тілейміз, биік шыңдардан көріне берсін дейміз. Біз оны әрдайым қолдауға тырысамыз және де әрбір жеңісін, әрбір жетістіктерін көрген кезде мактаныш сезімі болады әрине.

Ділназ Макарова, №34 мектеп оқушысы:

- Балалар онымен сөйлесіп тұрады. Ал Ержанның жоқтығы білінеді. Себебі ешкім ол сияқты ойнап-күліп жүре алмайды. Алдағы байқауда мен оған тек қана жеңіс тілеймін және оған дауысымды беремін.

Балалар арасындағы биылғы «Еуровидение» байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливице шаһарында өтпек. Оралдық оғланның қазақ елінің намысын абыроймен қорғарына сенім мол.

Хабар 24 телеарнасы