386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар Ержан Максим үшін дауысты Junior Eurovision сайтында бере алады

  • 314
  • UPD: 21:29, 15.11.2019

Халықаралық балалар ән байқауының басталуына небәрі 9 күн қалды.

Қазақстанның атынан бұл сында 12 жастағы өрен Ержан Максим өнер көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Музыка мамандары талайды талантымен тамсандырған баланың қабілетін жоғары бағалап отыр. Жарыс болатын күн жақындаған сайын дайындық та қыза түскен.

Ержан Максим кімді басты қарсыласы санайды? Ел намысы сынға түсетін сайыста қандай ән орындайды және саханаға шығар алдында қандай жоралғы жасайды?

Арманы асқақ баланың алар асуы да әлі алда. Тап осы әнді Польша төрінде орындайтын өреннің өнеріне қазірдің өзінде талай маман тамсанып жатыр.

Оралда туып, Ресейде жарқ еткен жеткіншектің жеткен жетістігі аз емес. Ержан Максим осыған дейін халықаралық ән байқауларында өнер көрсетіп, топ жарып жүрді. Бәйгенің алдын бермеді. Биыл да көмбеден көрінуді көздеп отыр.

Ержан Максим, «Балалар Евровидениесі» байқауында Қазақстанды таныстыратын өкіл:

- Менің қазіргі дайындығым өте кермет. Қазақстан елі атынан өнер көрсететіндіктен қобалжу бар. Көреміз енді не болатынын. Құдай қаласа...

Баласы бәйгеге шапса, тақымын қысатын халықпыз. Анасы алабөтен күй кешіп жүр. Өйткені Ержан Кәрі құрлықта өтетін сайыста Қазақстанды ғана емес, түбі бір түркі әлемін таныстырмақ. Себебі, Түркия мен Әзербайжан биыл бұл байқауға қатыспайды.

Гүлмира Әлібек, Ержан Максимнің анасы:

- Баламыз үлкен жауапкершілікті арқалап бара жатқаннан кейін өте қатты уайымдап қобалжып жүрміз. Енді Алла сәтін салса, барлығы жақсы болады деп ойлаймын.

Evrovision халықаралық балалар ән байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливица қаласында өтеді. Он тоғыз елден өнерпаз қатысады. Жеңімпазды халық дауыс беру арқылы анықтайды. Ал «Хабар» агенттігі бұл сайысты тікелей эфирде көрсетеді.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Жарыста Ержан Максимнің қандай орын алатыны қазақстандықтардың қалай дауыс беретініне тікелей байланысты. Сондықтан баламызды барынша қолдауымыз керек. «Хабар» агенттігі байқауды тікелей эфирде көрсетеді.

Үміткерлерге дауыс беру 23 қарашада басталып, сайыс біткенде аяқталады. Көмейіне құмыр құс ұялаған Ержан Максим осыған дейін Австралия мен польшалық өрендердің өнерін тамашалап, тәнті болыпты. Жарыста негізгі қарсыластарым солар болады деп отыр.

Ержан Максим, «Балалар Евровидениесі» байқауында Қазақстанды таныстыратын өкіл:

- Менің тек қарағаным Автралия елі, сол ғана ұнады. Содан кейін Поьшаның қызы ұнады.

Үлбір үміті үкілеген баланың сахнаға шығар алдында жасайтын ешқандай жоралғысы жоқ. «Бір Аллаға сыйынамын», дейді. Тек 6-шы болып өнер көрсетсем, жолым болып кетер дегенді айтты. Елі сенген өренге мемлекет тарапынан да тиісті қолдау көрсетіліп жатыр.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Мемлекет тарапынан қолдау бар. «Хабар» агенттігінің өзі мемлекеттік корпорация екенін білесіздер. Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үлкен қолдау білдіріп жатыр. Біздің «Хабар» агенттігі ішінен үлкен ұйымдастыру штабы құрылған. Төрағамыз бастаған топ соңғы 3 айда күн-түн демей жұмыс істеп жатыр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Халықаралық балалар ән байқауының басталуына тұп-тура 9 күн қалды. Шығармашылық топ Польшаға ертең аттанып, дайындықтарын үдетеді. Ал мұқым жұрт дарынды баласын демейді дегенге сенеміз. Арманы асқақ балаңды қолда, Алаш!

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы