384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision 2019: қатысушыларға қандай талаптар қойылған

  • 171
  • UPD: 22:45, 22.11.2019

Junior Eurovision 2019 байқауында қай елдің өрені оза шабады?

Мұны «Хабар» телеарнасының көрермендері осы жексенбіде білетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкілеген үмітіміз Ержан Максим осы байрақты бәсеке алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Ержан Максим дүбірлі додаға сақадай дайын. Күніне сахнаға бірнеше мәрте шығып, шеберлігін шыңдады. Ол қазір тынығып жатыр. Өйткені үлкен байқаудың алдында күш жинап алғанның еш артықшылығы жоқ. Айта кету керек, Ержан – түркітілдес мемлекеттердің атынан қатысып отырған жалғыз сайыскер. Одан өзге 18 елдің өкілі байқауда бақтарын сынамақ. Жеңімпаздыққа үміткерлердің қатарында португалиялық Джоана Альмейда да бар. Ол «Менімен жүр» әнін орындайды. Джоанна өз елінде өткен өнер байқауында жеңімпаз атанған. Оның әні қоршаған ортаны қорғау тақырыбына арналады. Джоанна байқау барысында Ержанмен достасып та үлгерген.

Джоанна Альмейда, Junior Eurovision 2019 байқауының қатысушысы, Португалия:

– Маған Ержанның әні өте ұнайды. Өйткені ол классикаға жақын. Мен де арасында классикалық әндер айтқанды жақсы көремін. Байқауға қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін.

Байқау шарттары бойынша қатысушылар 9 бен 14 жас аралығында болуы керек. Оған қоса сайыскердің өз елінде кемінде 2 жыл тұруы маңызды. Ән форматы - заманауи поп болуы және әннің өзі 3 минуттан аспауы қажет. Шығарма - орындаушының ана тілінде, ал 25 проценті өзге тілде шырқалса болады. Және ең бастысы ән ешбір жерде жарық көрмеген болуы тиіс. Қазақстандық орындаушы және оның әні барлық талаптарға жауап береді.

Хабар 24 телеарнасы