384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision 2019: дауыс беру науқаны қалай өтіп жатыр

  • 303
  • UPD: 14:03, 24.11.2019

«Хабар» телеарнасы биыл екінші рет тікелей эфирде көрсететін Junior Eurovision 2019 жеңімпазын жариялайтын уақыт таяп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Байқауда қазақстандық Ержан Максимнің жұлдызы жанады деген зор үміт бар. Үкілеген үміттің ақталуына кедергілер бар ма? 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Бұл сахнадан тыс көрініс. Жиналғандардың шоуды экран арқылы көруге мол мүмкіндігі бар. Эмоцияға шектеу қойып жатқан ешкім жоқ. Өзінің де, өзгенің де әншілеріне зор қошемет көрсету үстінде. Әсіресе, біздің Ержанның қолдаушылары көп.

Осылайша қазақтың қарапайым баласы жергілікті жұртшылықтың жүрегін жаулап алды. Украиндықтар жас жұлдызбен сұхбаттасуға асықса, поляктар оның қазақ тіліндегі әнін жаттағысы келіп, ыңылдап айтып жүр.

Марта Оуф, көрермен:

– Ержанның нөмірі шынымен де таңдай қақтырды. Бастапқыда мен ол әнге назар аудармағанмын, бірақ тыңдай келе өзімді Дисней ертегілерінде жүргендей сезіндім. Бәріміз бірігіп, оның әуенін орындағанымыз әлі есімде. Бишілер болсын, жалпы қойылым болсын байқаудың көрігін қыздырып тұрғаны анық.

«Арманыңнан қалма» әнінде кез келген арман орындалуға лайықты екендігі айтылады. Ержан Максимнің бала арманы – Junior Eurovision-де жеңімпаз атанып, Қазақстанның атын әлемге таныту. Нөмірді қоюшы режиссерлер бұл мақсатқа жету үшін барын салғандарын айтады. Бірақ кедергілер де жоқ емес.

Александр Фломбойм, қоюшы-режиссер:

– Біздің тараптан еш кінарат жоқ. Бірақ ұйымдастырушылар видео контентті дұрыс бере алмай жатыр. Біз бұған байланысты біраз қобалжып тұрмыз. Польшалық әріптестеріміз бәрі жақсы болады деп әр дайындық сайын ант-су ішуде. Біздің солай болытынына үмітіміз зор.

Польшалық техникалық топ уәде еткендей, жабық тікелей эфир кезінде мәселе оң шешімін тауып, Ержан Максимнің артқы фонындағы видео дұрыс беріле бастады. Ендігі кезек жанкүйерлерде. Егер жеңіс тұғырынан біздің жерлесіміз көрінсін десеңіз, Ержан Максимге онлайн тегін дауыс беріңіздер. Бүгін сағат 21.00-де көрсетілетін шоуға дейін және одан кейін. Байқаудан соң дауыс беру 15 минутқа қайта ашылады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы