384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» түсірілім тобы Ержанның атасы Максим Есқалиевтің үйінде

  • 170
  • UPD: 21:47, 24.11.2019

Үкілеген үмітіміз Батыс Қазақстан облысының тумасы екенін білесіз.

Біздің осы өңірдегі «Хабар 24» тілшісі қазір Ержанның атасы Максим Есқалиевтің үйінде. Сол жерден тікелей байланысқа шықты.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Ия, Junior Eurovision деп аталатын бәсі биік бұл байқауға қатысып жатқан Ержан Максимнің Батыс Қазақстаннан екені баршаға белгілі. Біздің түсіру тобы дәл қазір Орал қаласының тұрғыны Есқалиев Максимнің үйінде. Мұндағы мақсатымыз – жас таланттың отбасы туралы көпшілікке кеңірек мәлімет беру. Менің қасымдағы Максим ағамыз Ержанның атасы. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан. Казталов ауданы Жаңажол ауылының тумасы. Ұзақ жылдар ауылшаруашылық саласында еңбек еткен. Ал 73-ке келген Гүлжиян анамыз мәдениет саласының ардагері. Екеуі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. 19 немере-жиен, 21 шөбере өсіп келеді. Бүгінгі байқауда ел намысын қорғап жатқан Ержан немеренің ең кенжесі екен.

«Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, Ержаннан атасы зор үміт күтетінін жасырмайды. Өйткені ол 5 жасында сахнаға шығып, дарынымен дараланыпты. Ал Сан Ремодан бас жүлде алып келген кезде «Ата сенің атыңды әлемге танытам», деген екен.

Тек тума-туыстары емес, Жайық жұртшылығы, қалың қазақ елі бүгінгі байқауда Ержаннан үлкен үміт күтеді. Жас дарынның жұлдызы жоғары боларына сенеді.

Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру үшін vote.junioreurovision.tv веб-сайтына кіріңіз. Ол сізді тура дауыс беру бөліміне апарады. Одан кейін қатысушылардың қысқа видеосын көріңіз және Ержанды сондай-ақ өзіңізге ұнаған кемінде тағы екі әншіні белгілеңіз. Соңында «сіздің даусыңыз қабылданды» деген жазу шығады. Бүгін «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен сағат 21.00-де көрсетілетін шоудан кейін тағы да таңдау жасай аласыз.

Хабар 24 телеарнасы