384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Польшадағы таланттар тартысы қалай өтті?

  • 166
  • UPD: 09:55, 25.11.2019
Польшадағы таланттар тартысы қалай өтті?

Ержан Максим байқауда «Арманнан қалма» әнімен өнер көрсетті. Еуропа төрінде барша өнерсүйер қауымды әдемі дауысымен тамсандырған отандасымыз бұл шығарманы ағылшын және қазақ тілдерінде орындады. Қазылар алқасының дауыс беру нәтижесі бойынша ол бірінші болды.

- Арманнааан қалмааа! Алло, Нұргүл апай, маған дауысты ашатын күшті распевка керек. 

- Айқайлауға болмайды перед выступлением, қарлығып қалады қазір даусың. 

Бұл Ержанның киім ауыстыратын бөлмесі. Сахнаға шығуға санаулы секундттар қалды. Даусы қарлығады деп анасы алаңдаумен жүр. Ұйымдастырушылар болса, асықтырып жатыр.

- Всё, шақырып жатыр. Жақсы, давайте! 

Сахнадағы әннен үзінді: Арманнааан қалмааа! 

«Арена-Гливице» стадионына жиналған 10 мыңға жуық көрермен балтаңдай балапанның орындау шеберлігіне, сиқыршы образына еніп, әнді жүрегімен жеткізе білген әртістік қабілетіне тәнті.

Карол Стахович, көрермен:

- Негізінде ол менің сүйікті әншім емес. Бірақ оның орындауындағы туынды тұла бойымды түршіктіріп жіберді. Ән өте керемет, адамды қуаттандырады. Ержанның даусы да тамаша. 

Ержанның ең басты көрермені анасы қатты қобалжып отыр. Тіпті көзіне жас алып та қояды. Себебі әлемнің 19 елінен жиналған кіл мықтыларды жеңу оңай шаруа емес. Байқау шарты бойынша алдымен қазылар алқасы баға қояды.  Бірнеше мемлекет Қазақстан жеңімпаз болуға лайық деп шешкен. 

Қазылардан бөлек көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижелері де есепке алынады. Бұған дейін жеңіс тұғырында тұрған Ержанды демде польшалық Вики Габор ауыстырып жіберді. Біздің өнерпаз екінші. 

Дейтұрғанымен, польшалық жеңімпаздың өзі Ержанның мықтылығын мойындап, өнері алдында бас иеді. 

Вики Габор, Junior Eurovision 2019 жеңімпазы, польша:

- Білесіз бе, оның даусы сондай тамаша. Әсіресе жоғары ноталарды алған кезде wow деп таңырқағаным бар. 

Итальяндық Ержанды құшақтап жұбатып жатыр: Very, very nice performance! 

Гүлмира Әлібек, Ержан Максимнің анасы:

- Сәл-пәл ғана жетпей қалғаны болмаса, бірақ Ержан өз әнін абыроймен жақсы елдің үмітін ақтады деп ойлаймын. Баршаңызды жақсы көреміз. 

Ержан Максим, Junior Eurovision 2019 екінші орын иегері:

- Польша елінде 40 миллион адам бар, біздің Қазақстанда 15 миллион халық бар. Сол үшін біздің халық аз болғаннан кейін біздікілер, енді шын айтқанда, көбісі бере алмай қалды. Кейбірі түсінбеді, кейбірі қалай беру керектігін білмеді. Ата-анама, ата-әжеме көп-көп рахметімді айтамын. Әсіресе анама. Өйткені анам мені осы өмірге әкелген. Құрсағында 9 ай көтеріп, осындай дәрежеге әкеліп жүрген ата-анама көп -көп рахметімді айтамын. 

Кәсіби мамандардың пікірі қашанда жоғары бағаланады. Сондықтан қазылар алқасына сүйенер болсақ Қазақстан жеңіс тұғырына көтерілді. 

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Күміс қазақ үшін қашан да қасиетті болған. Ол күміс деп аталғанымен де түркі әлемі үшін, қазақ елі үшін бас жүлде. Алтын медаль деп айтсақ артық айтқандық болмас. Жеңіс құтты болсын! 

«Хабар» агенттігі болашақта да бұл жобаға белсенді түрде қатысуды жоспарлап отыр. Қазақтың Ержан секілді талантты балаларын Еуропалық хабар тарату қауымдастығы өткізетін Junior Eurovision байқауына қатыстыра бермек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы