376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ержанның анасы: Бастысы, балам көпшіліктің жүрегіне жол тауып, әнін жоғары деңгейде айтып шықты

  • 261
  • UPD: 18:02, 26.11.2019
Ержанның анасы: Бастысы, балам көпшіліктің жүрегіне жол тауып, әнін жоғары деңгейде айтып шықты

Отанына бүгін таңда ұшып келген жас өнерпаз анасымен бірге журналистер алдына шығып, халықаралық байқаудан алған әсері мен болашаққа құрған жоспарымен бөлісті.

Тілшілер қауымын қызықтырғаны әсіресе қолда тұрған жеңістен көрермендердің дауыс саны жетпеуінен қағылған сәттегі сезімі еді.

Бұған дейін де талай өнер додасына қатысып, ысылған өрен сұраққа тайсалмай «Екінші орын алғаныма еш өкінбеймін. Маған сенім артып, қолдау көрсеткен қазағыма алғыс айтамын», – деп нық жауап берді.

Сондай-ақ ол байқау кезінде болған қызықты сәттерін әңгімелеп берді. Айтуынша, сахнаға киіп шығар құлаққап сәйкес келмей оны жабысқақ таспамен орап тастауға тура келген.

Анасы Гүлмира Әлібектің сөзінше, бұл байқауда Ержан үлкен тәжірибе жинап қайтқан. Көптеген жаңа достар, шығармашылықта тілеулес жандар тауыпты.

«Бастысы, балам көпшіліктің жүрегіне жол тауып, әнін жоғары деңгейде орындап шықты», – деді ол. 

Алдағы уақытта Ержан Польшада концерт беруді жоспарлап отыр екен.

«Өйткені, елдің Ержанға деген ықыласы ерекше екені байқалады. Әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі парақшамызға польша халқы Ержанды тағы бір мәрте көргілері келетіндерін айтып, жазба қалдыруда», – деді анасы. Ән кеші шамамен келер жылдың наурызында өтіп қалуы мүмкін екен. Бұдан бөлек, туған өлкесі Оралда жеке концертін беруге ниетті. 

Айта кетейік, 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында Junior Eurovision-2019 байқауы болып өтті. 19 мемлекеттің бал көмей балалары бақ сынаған өнер додасында қазақ елінің намысын қорғаған Ержан Максим жүлделі 2-орынды иеленді.

Хабар 24 телеарнасы