426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision. Он екі қатысушы байқауға жолдама алу үшін бақ сынайды

  • 89
  • UPD: 20:58, 08.09.2020

26 қыркүйек күні «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетуге жолдама алу үшін 12 орындаушы бақ сынайтын болады. Жеңімпаз да сол күні анықталады. Жалпы халықаралық ән байқауына Қазақстан биыл үшінші рет қатысады. «Хабар» Агенттігі Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастығына мүше болғалы талантты балаларға өнерін әлемге паш ету мүмкіндігі туды. 

Талай кезеңнен сүрінбей өтіп, қорытынды сынға жеткен 12 орындаушының «құлақтан кіріп, бойды алатын әсем әндерін әуелететін күн алыс емес. Қорытынды сынға қатысатындардың бірі Ақжібек Манарбеққызы. Елордадағы №59 мектеп-лицейдің оқушысы – 14 жасар қыз бала кезінен ән айтуға құштар. 

Соңғы 1 жылда кәсіби маманмен бірге шеберлігін шыңдап жүр. Әнмен қатар би билеп, ұлттық ойын тоғызқұмалақтан да жарыстарға қатысады екен. 

Ақжібек Манарбекқызы, «Junior Eurovision 2020» байқауының ақтық сынына қатысушы:

- Бұл конкурсты менің анам инстаграмда тауып алды, тауып алған соң сразу маған айтты. Мен үшін бұл жоба өте маңызды, себебі бұл конкурс Варшавада өтеді, ол жерде барлық мемлекеттер қатысады, мен үшін бұл сондай жауапкершілік. Мен өте белсенді қызбын, тоғыз құмалақ ойнаймын, әнмен шұғылданамын, би билеймін, бәріне үлгіремін. Сондықтан маған дауыс беріңіздер. 

Отбасы жас өнерпаздың қолынан қақпай, қолдап отыр. Әу демейтін қазақ жоқ демекші, әке-шешесі де ән өнеріне жақындығы барларын айтып отыр.

Манарбек Удербаев, Ақжібектің әкесі:

- Әнге деген құлшынысы менен дарыған деп ойлаймын. Өзі қазір дайындалады, вокалистері бар, өзі ынталанады, үйде де дайындалады, талпынысы бар, үміттеміз, өйткені ол еңбектеніп жүрген бала, бұл бірінші рет емес, көптеген халықаралық конкурстарда 1-орын алған. 

Ақжібек секілді үмітін үкілегендердің бірі 13 жасар астаналық Айкерім Тілеубек. 

- Cол музыка, сол әуен, сол мелодия, тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. 

Әйгерім көп еңбектеніп, жұртшылық қайта қайта тыңдайтындай ерекше талантты әнші болғысы келеді. 

Өнерпаз қыз Елордадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде білім алып жүр. Әншілер отбасында  дүниеге келгендіктен, бала кезінен әнге машықтанған.  

Әйгерім Тілеубек, «Junior Eurovision 2020» байқауының ақтық сынына қатысушы:

- Музыка деген ең жақын, жүрегіме ең жақын нәрсе. Әнді айтқанда маған жүрегіме жақын тұру керек, cебебі сол кезде ғана өзіңнің жүрегіңнен өткізіп содан кейін осы бүкіл әңді халыққа жеткізе аласың. Әлем сахнасында өнер көрсететін қазақтың туын желбірететін әйгілі әнші болғым келеді.

700-ге жуық үміткердің ішінен 12 орындаушы көп дауыс жинап, алға суырылып шыққан болатын. Енді 26 қыркүйекте олар ән орындау шеберлігінен өзара сынға түседі. Басты талап – еліміздің танымал композиторлары жазған әндерді айрықша орындау. Қазылар алқасының берген бағасы мен смс дауыс беру   арқылы жеңімпаз анықталады. Ол қарашаның соңында Варшавада Қазақстанның намысын қорғайды.  

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын  Данелия Төлешова дәл осы байқауда «Өзіңе сен» әнін орындап, алтыншы орынды иеленді. Ал былтыр Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды.

Авторлар: Индира Жылқайдарова, Болотбек Табалдиев

Хабар 24 телеарнасы