420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Junion Evrovision 2020»: үміткерлер дайындықты үдетті

  • 62
  • UPD: 23:38, 10.09.2020

«Junion Evrovision» балалар ән байқауының елімізде ұйымдастырылған іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендердің бірі – көкшетаулық Айым Мұқитанова, деп хабарлайды «Хабар 24».

13 жасар өнерпаз – аталған сынға Ақмола облысынан қатысып отырған алғашқы үміткер. Енді ол еліміздегі 12 финалистің арасынан үздік шықса, 29 қараша күні шешуші сынға қатысады.

Айымның вокалмен айнылысып жүргеніне 7 жыл болды. Осы уақыт аралығында ол талай байқауларда бақ сынап келеді. Алайда осы жолғы сайыстың мен үшін орны бөлек дейді.

Айым Мұқитанова, «Junion Evrovision-2020» байқауының үміткері:

– Іріктеу турында мен Бейонстың «Listen» әнін орындадым. Бұл кең диапазонды қажет ететін қиын туынды. Бірақ барымды салып, 700 баланың ішінен отыздыққа қосылдым. Одан кейін 12 қатысушы іріктелдік. Енді солардың арасынан топ жарып, Евровидениеге қатыссам деймін. Себебі ол үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын байқау. Ал менің арманым – әлемге танымал әнші болу.

Музыка мектебіндегі мұғалімдер де Айымға сенім артып отыр. Айтуларынша, ол көптің ішінен дараланып тұратын ерекше қасиеттерге ие. Соның бірі – оның классикалық және эстрада жанрларын қатар алып жүруі. Ал талпынысы мен еңбекқорлығы оны жеңіске жетелейді дейді жеке ұстазы Оксана Антонова.

Оксана Антонова, вокал пәнінің мұғалімі:

– Оқушым өте жауапты. Менің әрбір айтқан сөзімді тез қағып алып, жедел нәтиже шығарады. Үнемі ізденісте жүреді. Бұған оның әнді сүйіп айтатыны себеп шығар деп ойлаймын. Алдағы байқауда оған тек сәттілік тілейміз.

Айым – ата-анасының да мақтанышы. Кішкентайынан қыздың икемі мен қабілетін байқаған олар, Айымды балабақшада көркем гимнастикаға, кейіннен тіпті каратэге де берген. Алайда ол өсе келе ән өнерін таңдапты. Енді үйдегілердің де бәрі әнші боп кететін түрі бар деп әзілдейді әкесі.

Кенесары Мұқитанов, Айымның әкесі:

– Таир деген 6 жасар ұлымыз да қазір ән айтатын боп жүр. Айымның әндерінің бәрін жатқа біледі. Ол да каратэге қатысады. Бірақ оның да өнерге жақын екенін байқап жүрміз. Оларға қосылып, өзіміз де әндетеміз.

Өздері кәсіби әнші болмаса да, бала бойына дарыған осы бір өнерді дамытуға тырысып жүрген ата-анасы Айымның 26 қыркүйек күні өтетін ақтық сында бағы жанады деп сенеді. Ал қазақстандық 12 өнерпаздың сайысы «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы