432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision: Ұлттық іріктеу «Хабар» арнасының тікелей эфирінде көрсетіледі

  • 121
  • UPD: 13:47, 27.09.2020

«Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауына қатысатын балалар арасында шешуші іріктеу кезеңі өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқауда бағымды сынасам деген 700-ге жуық әншінің 12-сі ұлттық финалға өтті. Енді ең талантты әрі талапты әнші ғана халықаралық байқауда өнер көрсетеді. Қазақстанның атынан сынға түсуге ұмтылған жас үміткерлердің орындайтын әндері қандай, авторлары кім?

Алмас Садуақас, тілші:

- «Туған жер» деген әннің авторы – белгілі сазгер Арман Дүйсенов. Бұдан бөлек, ол «Отан» әнін ақын Серік Сейтманның сөзіне шығарды. Ағылшын тіліндегі нұсқасын Айсұлу Алпысбаева жазды. Өйткені халықаралық ән байқауының талабы бойынша ән ана тілінде және ағылшын тілінде шырқалуы шарт. Бұл әндерді Ислам Сайполда мен Нұршат Құсанова орындайды.

Арман Дүйсенов, сазгер:

- Екеуі де бүгінгі поп-музыканы заманауи озық үлгілерімен қазақтың дәстүрлі өнерін сабақтастыру арқылы бір ерекше синтездер жасадық. Енді қаншалықты тұшымды болғандығын болашақ нәтиже көрсетеді.

Ал жас сазгер Ербол Нариманұлы балалар байқауына ән жазғанына қуанышты. Ән жазу стилі ерекше сазгер әрі әнші музыканың блюз, соул, джаз бағытында көп ізденеді. «Демо» атты әнін Айдана Жұмажан шырқайды.

Ербол Нариманұлы, сазгер:

- Мен өте қуаныштымын. Өйткені кез келген әнің пайдаға жарап орындалғалы жатса, ол деген үлкен қуаныш біз үшін. Яғни, композиторлар үшін. Ол әнді өте жақсы деңгейде орындап жатыр. Мен дайықтарын көрдім. Айдана деген қарындасамыз. Оған сәттілік тілеймін.

12 жас өреннің қатысуымен өтетін ұлттық іріктеудің гала-концерті 26 қыркүйек күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Үздік орындаушыны қазылар алқасымен бірге көрермендер де анықтайды. Ал, ең үздік жас әнші қараша айының соңында өтетін халықаралық ән байқауына барады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы