432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision 2020: қатысушылар дайындықтарын пысықтады

  • 163
  • UPD: 13:51, 27.09.2020

Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеу кезеңінің финалына бір күн қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қатысушылар өз өнерлерін пысықтады. Әншілерден бөлек, режиссер, стилист, бет әрлеуші, продюсер барлығы қызу дайындық үстінде. Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген 12 қатысушы өнер сайысына дайын дейді мамандар.

Еліміздің әр аймағынан жиналған 12 финалист ертең өз өнерін «Хабар» арнасының тікелей эфирінен берілетін гала-концертте паш етеді. Бұл өнер сайысында Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуінің жеңімпазы анықталады. Бүгін шешуші сынға қызу дайындық өтті.

Әмре, қазылар алқасының мүшесі:

– Балалардың барлығы ерекше дара, талантты. Балаларға баға беру өте қиын. Ата-аналар да,ұстаздар да балаға бұл жобаны өмірлік маңызы жоба емес, тәжірибе ретінде, алға өсудің бір сатысы деп түсіндіру керек.

Республикалық байқауға 700-ге жуық бала қатысты. Жүзден жүйрік халықаралық ән байқауында ел намысын қорғайды. Жобаның вокалисі Гүлнәр Көшенова жас таланттарды күніне 12 сағат дайындаймыз дейді.

Гүлнәр Көшенова, жоба вокалисі:

– Балалармен күнде дайындаламыз. Ең қиыны, психологиялық жұмыс. Конкурстың ерекшелігі – авторлық әндер. Жұмыс композитормен болады. Балалар екіге бөлінді. Жартысы Алматыда композиторлармен дайындалып жатыр.

Бұл – сахна сыртындағы нағыз сиқыршылар. Олар әр қатысушының көркемдігі мен сахнаның безендірілуіне жауап береді. 

Анарбек Жәрдемов, стилист:

– Қазіргі таңда 3 тігінші жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа 6 стилист бар. Біз соңғы күні ұйықтамай, киімдерді тіктік. Осы қарбаластың өзі күш қуат береді.

Биыл індетке байланысты байқаудың финалы онлайн форматта өтеді. Еуропалық хабар тарату одағы осындай шешім қабылдады. Енді финалға жолдама алған әр қатысушы өз еліндегі студияда ән шырқайды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы