419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision – 2020: Қарақат Башанованың қарсыластары кім?

  • 148
  • UPD: 17:01, 27.11.2020

Junior Eurovision халықаралық балалар ән байқауына санаулы күндер қалды.

Алдағы жексенбі, 29 қараша күні әлемнің 12 елінің талантты балалары виртуалды сахнада бақ сынайды. Халықаралық додада еліміздің намысын қорғайтын Қарақат Башанованың қарсыластары кім?

Пандемияға байланысты биыл Junior Eurovision қатысушылары өз елдерінде өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде ән байқауының жанкүйерлері қатысушылардан көз жазбай, өз бағамдарын жасауда. Ән байқауында елімізді таныстыратын Қарақат Башанованың өнеріне әлеуметтік желіде оң баға беріп жатқандар аз емес. Жас әншіге арнайы жазылған «Forever» әні жүректі тербейді дейді олар.

Айзада Пернеқұл, студент:

– Бірінші рет Қарақаттың өнерін көргенде көзіме жас келді, өзімнің қалай жылағанымды байқамадым. Өйткені ол менің жүрегіме жетті. Сол сияқты басқа да әндер бар. Франциянікін айта аламын. Өйткені Валентина деген қатысушы өзі сондай сүйкімді, өнері де, харизмасы да күшті. Әртістік қабілеті керемет.

Ән байқауына 12 елден жас таланттар қатысады. Бабы келісіп тұрған қатысушылардың қайсысының бағы шабатыны әзірге белгісіз. Бірақ Польша елінің мүмкіндігі көбірек дейді байқаудың тұрақты көрермендері. Өткен жылы да бұл ел жанкүйерлер есебінен басым түскен болатын.

Ердана Ержанұлы, студент:

– Биылғы жылғы негізгі қарсыластары деп Польшаның, Францияның, Испанияның және Беларусь мемлекеттерінің қарсылас қатысушыларын айтса болады. Өйткені дәл осы қатысушылардың өз елдерінде жанкүйерлері өте көп. Қарақатқа қазақстандықтар ретінде зор үміт артамыз әрі шетелдіктер арасында да көптеген жанкүйері, тыңдарманы бар.

Жүзден жүйрік шығу оңай емес. Ең бастысы, әнді жүрекпен орында деп, алдыңғы буын ағалары Қарақатқа батасын берді.

Мұрат Құсайынов, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Осындай додаға түскенде менің байқайтыным, өте талантты, керемет әншілер жолда түсіп қалады. Себеп неден? Себебі қобалжудан. Ән айтқан кезде мен жеңуім керек еді деген ойды алып таста. Сен өзіңді көрсетуің керек. Әнші ретінде, әртіс ретінде. Артыңда миллиондаған қазақ отыр. Оның ішінде мен де бармын.

Интернет желісіндегі бағалау бойынша әзірге Испания көш бастап тұр. Алғашқы үштіке Польша мен Беларусь елі де кіреді. Қазақстан әзірге жетінші орында. Ал нақты жеңімпаз 29 қарашада белгілі болады. Junior Eurovision халықаралық балалар ән байқауы «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетейік, еліміздің талантты балалары аталған байқауға биыл үшінші жыл қатарынан қатысуда. Бұған «Хабар» агентігінің Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болуы мүмкіндік беріп отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Junior Eurovision 2020: Қазақстанға қалай дауыс беруге болады

Хабар 24 телеарнасы