419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарақат Башанова: Қазақстанды жоғары деңгейде көрсету үшін барымды саламын

  • 367
  • UPD: 21:58, 27.11.2020

Түнгі сағат 01:00-де «Junior Eurovision» ән байқауына қатысушыларға дауыс беру басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр адам 3 мемлекеттің әншісін таңдай алады. Ол үшін junioreurovision.tv немесе jesc.tv сайтына кіру керек. Отандастарымызды Қазақстанның намысын қорғайтын Қарақат Башановаға дауыс беруге шақырамыз

«Junior Eurovision» байқауының ақтық сыны 29 қараша күні өтеді. Биыл коронавирус індетінің таралуына байланысты музыкалық шара онлайн форматта жүргізілмек. Біздің елдің намысын қорғайтын Қарақат Башанова байқауға қызу дайындыққа қарамастан, әлі де қобалжып жүргенін айтады.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision 2020» байқауына қатысушы:

- Қобалжу әрине, бар. Ұлттық іріктеуде де қатты қобалжыған болатынмын. Қазірдің өзінде гранд финал жақындаған сайын қобалжуым арта түсуде. Бірақ Қазақстанды жоғары деңгейде көрсетуге қолымдағыны жасаймын.

Қарақат орындайтын Forever әнінің авторы – Хамит Шанғалиев. Осымен композитор «Junior Eurovision» байқауына екінші мәрте өлең жазып отыр.

Хамит Шанғалиев, композитор:

- Бұл әннің әуені де, сөзі әдемі. Бүкіл тыңдармандардың көңілінен шығады деген үміттемін. Әрине, мен халық алдындағы жауапкершілігімді сезінемін. Биыл жеңіске жетеміз деген үміт бар.

Қазақстан бұл байқауға үшінші жыл қатарынан қатысып отыр. Бұған «Хабар» агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болуы мүмкіндік беріп отыр. Өткен 2 жылда біздің ел музыкалық додада жеңіске жеткен жоқ. Сол себепті Қарақат үшін халқымыздың белсенді дауыс беруі ерекше маңызға ие.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Былтыр Ержан Максим бұл додада екінші орын алған. Бір қызығы, қазылар алқасы біздің қатысушыға 1-ші орынды беріп отырды. Алайда қазақстандықтар аз дауыс бергендіктен, Ержан жеңіске қол жеткізе алмады. Әрине, біз дарынды балаларымызды мақтан тұтамыз. Бірақ көмек керек болған кезде, тиісті деңгейде жәрдем көрсетпейміз. Сондықтан Қарақатты баршамыз бірге қолдайық.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Осы маңызды додада әрқайсыңыздың дауыстарыңыз керек. Себебі, біз үшін көбінесе басқалар дауыс береді. Немесе артық 1-2 минут таппай дауыс бермей жатамыз. Ақырында сол дауыс шешуші рөл ойнауы мүмкін. «Хабар» агенттігі Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі. Бұған дейін байқауға Данэлия Тулешова, Ержан Максим барды. Енді Қарақатқа бәріміз бір адамдай қолдап, дауыс берсек дұрыс болатын еді.

Дауыс беру қарашаның 28-інен байқаудың басталуына дейін жалғасады. Ол үшін junioreurovision.tv немесе jesc.tv сайтына кіру керек. Барлық қатысушылар өнер көрсеткеннен кейін дауыс берудің екінші кезеңі жарияланады. Junior Eurovision халықаралық балалар ән додасы 29 қараша күні «Хабар» телеарнасынан кешкі сағат 22:00-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Авторлары: Дариға Ташенова, Саид Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы