419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision 2020: Қарақат Башановаға қолдау көрсетейік!

  • 219
  • UPD: 20:18, 28.11.2020

Балалар Евровидениесінің финалына бір күн қалды.

Ертең үздік орындаушының аты белгілі болады. Ән додасында Қазақстан атынан 12 жасар Қарақат Башанова сынға түседі. Пандемия халықаралық байқаудың ережелеріне өзгеріс енгізді. Әр қатысушы өз елінің сахнасында өнер көрсетеді. Барлығы онлайн форматта өтеді.

Бұл студияда халықаралық ән байқауындағы дауыс беру нәтижесі бақыланады. Қазақстанның үкілеген үміті Қарақат Башанова қазір соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Балалар Евровидениесінің финалы биыл онлайн форматта өтеді. Коронавирус пандемиясына байланысты барлық қатысушы өз елдерінде өнер көрсетеді. 

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision 2020» ұлттық іріктеуінің жеңімпазы:

– Бізде соңғы дайындық жүріп жатыр. Әрине, гранд-финал жақындаған кезде де толқулар көп, бірақ Қазақстанды жоғары деңгейде көрсету үшін бар күшімді салып, қолдан келгеннің бәрін жасаймын.

Қарақат байқауда «Forever» әнін орындайды. 12 жасар әншіміз туындыны өмірден озған әкесіне арнаған. Композицияны былтыр Ержан Максиммен бірге жұмыс істеген Хамит Шанғалиев жазды. Қазақстандағы ұйымдастырушылар өткен жылғы қателіктерді қайталамауға және қатысушыны барынша қолдауға шақырады.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Дауыс беру ашылды, ол ертеңге дейін, яғни концертке дейін жалғасады. Концерттен кейін 15 минут дауыс беруге болады. Қазақстандықтарды әркім өз дауысын беруге шақырғым келеді. Өйткені өткен жылы Ержан Максимге бірінші болу үшін біраз уақыт жетпегені есімізде.

Дауыс беру осы минуттарда Балалар Евровидениесінің ресми сайтында өтіп жатыр. Барлық қатысушылардың қойылымдары бар үш минуттық бейнероликті көргеннен кейін дауысыңызды бере аласыз. Көрермен үш қатысушыны таңдай алады. Ертең сағат 22:00-де «Хабар» телеарнасында 12 елден сайысқа түсетін қатысушылардың додасы тікелей эфирде басталады.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы