425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарақат Башанова: Бұл біздің ортақ жеңісіміз деп ойлаймын

  • 564
  • UPD: 22:57, 30.11.2020

Қарақат Башанова ән өнерінде жаңа туған жұлдыз. Кеше өнерлі өрен Junior Eurovision халықаралық ән байқауында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қаршадай қыз өзінің ғана емес, күллі қазақ елінің мерейін үстем етті. Бүгін жас дарын «Хабар» агенттігіне қонаққа келді.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Қарақат үшін бұл жай ғана ән емес, аңсау еді. Өмірден өткен әкені аңсау. Сол сағынышы қаршадай қызды үлкен сахнаға алып шықты. Әнді тыңдаған әр адам оның жұдырықтай жүрегіне қатқан шерді сезді. Бәлкім, сын сағатта оған қуат берген де сол ма дедік.

Халықаралық байқауда жүлдегер атанған жас дарынды кешелі бері құттықтап жатқандар көп. Енді ше?! Қарақат өзінің ғана емес, күллі қазақтың мерейін өсірді. Ал бүгін «Хабар» агенттігің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин арнайы кездесіп, лебізін жеткізді. 

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл кішкене балақай Қазақстанның атын әлемге әйгіледі. Былтыр Ержан Максим. Биыл, міне, Қарақат. Осы екі балдырғанның арқасында Еуропа мемлекеттері Қазақстанға ересектер Евровидениесіне қатысуға рұқсат алу үшін петиция жариялады.

Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын. Сайыста сынға түсетін өреннің өнерінен бөлек, артындағы жұртының жұдырықтай жұмылуы маңызды. Былтыр Ержан Максим қатысқан тұста дауыс саны жетпей, жеңістен қол үзіп қалғанымыз есте. Десе де, биыл қазақстандықтардың белсенділігі өскен. Тіпті шетте жүргендері де шет қалмапты.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Көп мемлекеттер атсалысып, сол жерде дауыс беріп жатты. Шетелде жүрген қазақстандық азаматтар шетелде жүрген өздерінің дауысын берді. Елшіліктегі, біздің дипломаттардың, әріптестердің отбасы, балалары да, студенттер де белсенді болып дауыс берді. Екінші орын да үлкен дәреже.

Қарақат Балалар Евровидениесіне бірден топ ете қалған жоқ. Ұлттық кезеңнің өзі тартысты өткенін айту керек. Оған 700-ден астам өрен қатысты. Әрқайсысы бір-бір үйдің еркесі, мақтанышы. Бірақ үлпершектей Қарақат бірден көзге түсті. Қазылар алқасын талантымен баурап алды. Жаны нәзік қыздың бойынан қайсарлықты да байқадық. Бас жүлдені алмаса да, мойымай, өнердегі жолын жалғастыруға ниетті.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision 2020» ән байқауының жүлдегері:

- Мен әрі қарай музыкамен айналысамын және әрі қарай сабақтарым бар. Қазір көңіл-күйім өте жақсы. Бұл біздің Қазақстанның ортақ жеңісі деп ойлаймын. Және осындай халықаралық ән байқауын ұйымдастырып жатқан «Хабар» телеарнасына алғысым шексіз.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдік деңгейдегі ән байқауына осымен үшінші мәрте қатысып отыр. Оған «Хабар» агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағына мүше болуы жол ашты. «Жыл санап жоба әлеуметтік сипат алып, талантты жастардың танылуына баспалдақ боларына сенеміз», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы