«Евровидение-2021» ән байқауы 18 мамырда басталады

«Хабар» телеарнасы 18-22 мамыр аралығында Роттердамда (Нидерланд) өтетін «Евровидение»  ән байқауының жартылай финалы мен финалын тікелей эфирде көрсетеді.

18 және 20 мамырда (18 мамырдан 19 мамырға қараған түні және 20-21 мамырда) Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 01:00-де жартылай финал, 22 мамырда (22 мамырдан 23 мамырға қараған түні) сағат 01:00-де гранд-финал  өтеді.

Байқауға 39 мемлекет қатысады. Бұл санға Армения мен Беларусьтен басқа, 2020 жылы өтпей қалған байқауға қатысушы барлық елдер кіреді. Венгрия мен Черногория тағы да қаржылық себептерге байланысты байқауға қатысудан бас тартты.

Байқауға қатысуға өтінім берген Еуропалық хабар тарату одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысынан бір-бір өкіл қатысады. Фестиваль тікелей эфирде көрсетіледі. Осы жылдан бастап алдын ала жазылған бэк-вокалды қолдануға рұқсат етілді. Бұл делегация мүшелерінің санын азайту, әр өтінімнің шығармашылығын арттыру және хабар таратушыға техникалық жүктемені азайту мақсатында жасалады. Бұл ереже міндетті емес. Сондай-ақ табиғи бэк-вокалды қолдануға немесе жазылған бэк-вокалмен бірге табиғи вокалды қатар қолдануға болады. Алдын ала жазылған бэк-вокал басты орындаушымен қабаттаспауы немесе орындаушыны алмастырмауы керек. Алдын ала жазылып алынған вокал бойынша бэк-вокалистердің санына шектеу жоқ.

«Хабар» телеарнасының көрермендеріне арналған шоуды белгілі қазақстандық жүргізушілер Қалдыбек Жайсаңбай мен Махаббат Есен тізгіндейтін болады.

Айта кетсек, «Eвровидение» – Еуропалық хабар тарату одағына мүше мемлекеттер арасындағы эстрадалық ән байқауы. Аталмыш байқау 1956 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді және аудиториясы 600 миллионға дейін жететін әлемдегі ең танымал спорттық емес шаралардың бірі болып табылады. Шоу ағылшын және француз тілдерінде өтеді.

Қатысушы елдердің жартылай финалда өнер көрсетулері жеребе арқылы анықталады. Финалға қатысушылардың максималды саны – 26 (2015 жылы 27 қатысушы ел болған). Ұйымдастырушы ел мен «үлкен бестік» (Испания, Германия, Италия, Ұлыбритания, Франция) финалда кепілдендірілген орындарға ие болады.

«Евровидение» байқауын «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады