Junior Eurovision байқауы: қатысушыны көрермен анықтайды

Парижде өтетін «Junior Eurovision-2021» халықаралық ән байқауына іріктеу басталды.

Қазақстандағы ұлттық іріктеудің алғашқы кезеңі қазанның 6-сына дейін жалғасады. Оған дейін 9 бен 14 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Jevision.khabar.kz сайтына өтінімін жібергендердің арасынан 30-сы келесі кезеңге өтеді. Көзі қарақты көрермен «Хабар» арнасындағы тікелей эфирде жеңімпазды қарашаның 6-сы күні анықтайтын болады. Әйгілі ән байқауының биылғы ерекшелігі қандай болмақ? Әріптесім Бақыт Топтаева тарқатсын.

Ержан Максим мен Қарақат Башанованың бағын жандырған халықаралық байқау биыл 19-рет ұйымдастырылып отыр. Ұлттық іріктеуге  қатысу өтінімдері jevision.khabar.kz сайтына 6-қазанға дейін жүктелуі тиіс.  Бұдан кейін әділқазы мүшелері ең мықты 30 үміткерді таңдап алмақ. Үшінші кезеңде қазақстандықтар хабар арнасының сайтында онлайн дауыс беріп, 12 қатысушыны жартылай финалға өткізеді. Ақтық сынға өткен бүлдіршіндерге композиторлар жеке-дара ән жазады. Ұлттық іріктеудің ақтық сынында қайсысының бағы жанса, сол бүлдіршін Қазақстанның намысын Парижде қорғамақ. Бұл талантты жастың да, оған ән жазатын сазгердің де жұлдызды сәті болмақ.

Хамит Шаңғалиев, музыкалық продюсер:

 – Композитор  сол әнмен жазып, әншінің мүмкіндіктерін ашу керек. Сондықтан ол өте үлкен жұмыс. Бір өлеңді шығару ол оңай емес нәрсе. Сондықтан ол орындаушыға ғана үлкен мүмкіндік емес. Бұл мүмкіндік композиторымызға, ақын-жазушымызға үлкен мүмкіндік, сондықтан біздер іздестірудеміз.

Осылай деген жобаның музыкалық продюсері жас сазгерлер мен ақындарды байқауда бақ сынауға үндейді.

Айта кетерлігі, биыл Junior Eurovision-ге  қатысатын елдердің тізімі ұлғайған. Былтыр 12 ел болса, биыл 19-ға жеткен. Демек бәсеке де күшейе түспек. 19 желтоқсанда Париждің төрінде офлайн өтетін байқаудың басты талабы – қатысушылардың денсаулығына ден қою. Сондықтан еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі шығармашылық топтың жұмысын мейлінше тиімді үйлестіруге жұмылады. 

Динара Бисенбина, «Хабар» арнасының директоры:

– Біздің серіктесіміз «Адам медиа» компаниясы былтыр Польшадағы Евровидениеге «Хабар» Агенттігімен бірлесіп Қарақат Башанованы шығарған. Биыл енді Парижге, Алла жазса, Қазақстанның орындаушысын жібереміз деп үміттенеміз. Ең бастысы – Еуропадағы ұйымдастырушылардың стандарттарына сай болу.

Еуропаның хабар тарату одағының мүшесі болғандықтан, «Хабар» Агенттігі ауқымды телевизиялық жобаны бастан-аяқ өткізуге мүмкіндігі бар. Кәрі құрлықты бұл жолы қазақ әнімен кімнің тамсандыратынын арнаның көзі қарақты көрермені анықтайды. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Аян Сәрсенбаев