Junior Eurovision 2021: бүгін ұлттық іріктеудің финалистері анықталады

12 қазан күні сағат 22:40-та «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Junior Eurovision 2021 халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетуге жолдама алу құқығы үшін жарысқан 10 орындаушының есімі белгілі болады.

Көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижелері жобаның jevision.khabar.kz ресми сайтында жарияланады.

Қазіргі уақытқа дейін Ұлттық іріктеудің онлайн-дауыс беру барысында 230 мыңнан астам дауыс жиналды.

Биыл өткен жылғы дәстүрмен еліміздің композиторлары финалистерге арнайы 2021 жылдың 6 қарашасында «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өтетін гала-концертте шырқалатын 10 әнді жазып береді. Junior Eurovision Ұлттық іріктеу жеңімпазын әділқазылар алқасының бағалауы және қазақстандықтардың SMS-дауыс беру нәтижелері анықтайды. Ұлттық іріктеу жеңімпазы Қазақстанның атынан 19 желтоқсан күні Парижде өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш байқауға Қазақстанның төртінші мәрте қатысуы «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр. Аталмыш байқаудың өтуіне Қазақстан Республикасының  Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдіруде. Жоба «Хабар» Агенттігінің серіктесі «ADAM media group» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.