Парижде өтетін Junior Eurovision 2021 сайысын «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді

Junior Eurovision-2021 Ұлттық іріктеуі өз мәресіне жетті. Додадағы басты жаңалық - биыл екі бірдей қатысушы жеңімпаз атанды.

Шешім қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша қабылданды. Енді Парижде өтетін әлемдік жарыста Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы дуэт болып ән айтады. Биыл ұлттық іріктеу офлайн форматта өтті. Қатысушылар өздеріне арнайы жазылған әнді орындап шықты. Көрермен ықыласы да ерекше болды.

Бұл Әлинұр Хамзиннің жарысқа алып келген әні. Туындыны жоғары деңгейде орындап шыққаны сондай, қазылар алқасы мен көрермен дауысы тең түсті. Сонымен қатар биыл балалар Евровидениесінде екі бірдей талантты бала бірінші орыннан көрінді. Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин «Ертегі әлемі» деп аталатын туындыны Парижде дуэт боп орындайды. Ән авторы Нұрболат Қанай.

Әлинұр Хамзин, жеңімпаз

10 финалист композиторлар арнайы жазған авторлық әндермен өнер көрсетті. Ұлттық іріктеудің бірінші кезеңінде Қазақстанның барлық өңірлерінен өтініштер қабылданды. Екінші кезеңде қазылар алқасы ең мықты 30 қатысушыны таңдады, олардың ішінде онлайн-дауыс беру арқылы 10 финалист анықталды. Биыл қазылар алқасының құрамында Хамит Шанғалиев, Мәдина Сәдуақасова, Бексұлтан Кенішқалиев, Қарлығаш Әбдікәрімова, Ерлан Бекчурин және Қанат Айтбаев сияқты танымал тұлғалар болды.

Мәдина Сәдуақасова, қазылар алқасының мүшесі, әнші

Қазақстанның балалар Евровидениесіне қатысуы «Хабар» агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағына мүше болуымен байланысты. Биыл Мәдениет және спорт министрлігі де конкурстың серіктесі атанды. Ал қос бірдей жеңімпаз 19 желтоқсанда Парижде өтетін әлемдік ән додасында ел намысын қорғайды. Оны «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Гүлзия Нақыпқызы, Арман Ақшабаев