Junior Eurovision халықаралық ән байқауында санитарлық талаптар қатаң сақталады

Бұл туралы бүгін Парижде өткен баспасөз конференциясында байқау ұйымдастырушылары мәлімдеді.

Делегаттар коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сынама тапсыруға міндетті. Бұл талап вакцина салдырғандарға да қатысты.

Қатысушылардың денсаулығы 2 күн сайын бақыланып отырады. Халықаралық ән байқауының финалы Париждегі «Ля-Сен-Мюзикаль» ((La Seine Musicale)) концерт залында өтеді. Байқауда 19 елдің өнерпазы бақ сынайды. Әлемдік деңгейдегі жарысқа еліміздің атынан Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы қатысады. Гранд финалды «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

«Хабар» Агенттігі 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі. Қазақстан бұл байқауға төртінші рет қатысады.