476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Junior Eurovision 2021: Бекнұр мен Әлинұрдың дайындықтары пысықталды

  • 233
  • UPD: 19:17, 17.12.2021

Осы жексенбіде «Балалар Евровидениесі-2021» байқауының жеңімпазы анықталады. Париждегі ән додасында «Қазақстан атынан өнер көрсететін Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзинның асығы алшысынан түседі» деп, тақымын қысып отырған тілеулес жұрт көп. Кеше олар алғашқы дайындықтарын өткізіп, «Ертегі әлемі» әнін Париж сахнасында алғаш орындады.

Бекнұр мен Әлинұр Париждегі «Ля Сиен мюзикал» кешенінің сахнасында дайындықтарын пысықтап жатыр. Алып экранда мұхиттың көріністері, ал әуеде дельфин қалықтап жүр. Қос әншінің киім үлгілері де ерекше - ертегі кейіпкерлері ме дерсің.

Бекнұр Жәнібекұлы, байқау қатысушысы:

- «Junior Eurovision-2021» байқауына қатысу менің арманым болатын. Ұлттық іріктеуден өткеннен кейін бағынбайтын белес жоқ екендігін ұқтым. Енді финалда жеңіске жетсек деп үміттенемін.

Қазақстандық дуэттің қойылымына жауапты шығармашылық топ өкілдерінің айтуынша, номерде Әлинұр Бекнұрдың ағасының ролін сомдайды. Ән мәтініне сәйкес, ол бауырын қиялға ерік беріп, ертегіге сенуге шақырады. Дайындық видеосы әлеуметтік желілерге жарияланған аз уақыттың ішінде ол мыңдаған қаралым жинап үлгірді. Жағымды пікір қалдырған шетелдіктер көп.

«Junior Eurovision» тарихында қазақстандық жас орындаушылар жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Оған еліміз биыл төртінші мәрте қатысып отыр. Бұл «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр.

Зәуре Бектемісова, Бекнұрдың анасы:

- Біріншіден, біз қазақстандық балалардың байқауға қатысуына мүмкіндік бергені үшін «Хабар» Агенттігіне алғысымызды білдіргіміз келеді. Еуропалық ән додасының қатысушысы болу оңай шаруа емес. Екіншіден, ұлттық іріктеуде бізге дауыс берген қазақстандық көрермендерге мың алғыс. Біз әлі бұған сене алар емеспіз.

Байқау барысында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады. Қатысушылар күнбе-күн коронавирусқа тест тапсырып отырулары тиіс. Қонақ үй мен байқау өтетін жерден тыс жерге шығуға рұқсат етілмейді. Бүгін де балалар ковид-тест тапсырып болған соң концерттік кешенге барып, қатысушылар финалда бірігіп орындайтын әнге дайындалады.

Ғалымжан Қараманұлы, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы