М.Остердаль: Қазақстан Junior Eurovision байқауын жоғары деңгейде өткізе алады

«Балалар Евровидениесі» байқауы Францияда тұңғыш рет өтіп жатыр.

Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі баланың әлемдік ән додасына қатысуы бірінші рет. Шетелдік басылымдар қазақстандық қос орындаушының бірі Бекнұр Жәнібекұлы туралы осылай жазып жатыр.

«Балалар Евровидениесі» - мүмкіндігі шектеулі балалар проблемаларына көпшіліктің назар аудартатын бірден бір байқау. Бекнұр арқылы әлем жұртшылығы инклюзивтіліктілікке бет бұрып, адам құқығын қорғау мәселелерінде ілгерілеушілік байқалуы мүмкін. Бұл істе Қазақстанның жасап жатқан батыл қадамдары қуантады дейді еуропалық басылымдар.

Ән додасының басшылығы да мұны тарихи оқиға деп бағалап, кез келген адам өмірде тең мүмкіндікке ие болуы керек екендігін айтады.

Мартин Остердаль, Junior Eurovision байқауының атқарушы директоры:

- Меніңше, бұл - Балалар Евровидениесі үшін қуанарлық жағдай. Біз инклюзивтілікті және әркелкілікті қолдаймыз. Кез келген балаға біздің құшағымыз ашық. Кез келген бала біздің сахнада жарқырай алады.

Мартин Остердаль - 20 жылдық тәжірибесі бар телевизиялық продюсер. Швецияның тумасы бұдан бөлек ересектерге арналған Евровидениеге де басшылық жасайды. Әлемдік деңгейдегі байқаулар өткізуге Қазақстанның да мүмкіндіктері жеткілікті дейді ол.

Мартин Остердаль, Junior Eurovision байқауының атқарушы директоры:

- Әбден мүмкін екендігіне сенімдімін. Қазақстан «Балалар Евровидениесін» жоғары деңгейде өткізе алады. Еш шүбә келтірмеймін.

Junior Eurovision - Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында мәдени байланыс пен достық қарым-қатынас орнатуға жағдай жасайды. Геосаяси жағдайы тұрақсыз, аумалы-төкпелі заманда «Балалар Евровидениесі» халықаралық ынтымақтастықтың озық үлгісі бола алады дейді ұйымдастырушылар.

Мартин Остердаль, Junior Eurovision байқауының атқарушы директоры:

- Бұл ересектерге арналған Евровидение сияқты саясаттан тыс шара. Әртүрлі елдерден келген жас балаларды көру үлкен қуаныш. Олар тек өз мемлекеттерін танытып қана қоймайды, сондай-ақ достықтың туын желбіретеді. Меніңше, бұл болашағымыздың жарқын болатындығының бір белгісі.

Финалы ертең өтетін байқаудың жеңімпазын анықтау басталды. Ол үшін vote.junioreurovision.tv сайтына кіріп, қазақстандықтарға дауыс беру керек. Тағы бір рет таңдау жасау мүмкіндігі жексенбі күні «Хабар» телеарнасындағы тікелей эфирден кейін пайда болады.

Ғалымжан Қараманұлы