476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Junior Eurovision-2021: ертең финал

  • 208
  • UPD: 22:18, 18.12.2021

Ертең халықаралық «Балалар Еуровидениесі» байқауы мәресіне жетеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазақстандық Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин өнер додасына «Ертегі әлемі» әнімен қатысады. Шетелдік сарапшылар музыкалық композицияны үздік бестіктің қатарына енгізіп отыр.  Сахнадағы қойылымның сапасы да жоғары деңгейде бағаланды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Бұл байқаудың баспасөз орталығы. Қазір журналистер мен телеоператорлар қатысушылардың сахнадағы қойылымын өз көзімен көру үшін концерттік залда жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық қос әнші Бекнұр мен Әлинұр оныншы болып, дайындықтарын сәтті өткізіп тастады. Қазақ және француз тілдерінде шырқалатын «Ертегі әлемі» әнінің авторлары Нұрболат Қанай және Габриэль Боалё Клотье. Ән сәтті шыққанымен, еуропалық көрерменнің талғамын дөп басу оңай шаруа емес дейді мамандар.

Хамит Шаңғалиев, Қазақстандық делегацияның музыкалық продюсері:

– Оны айту қиын. Өйткені жалпы әр елде мысалы, шетелде талғам мүлде басқа, басқаша әндерді жақсы көреді. Мысалы, Ресей, Қазақстан болсын біздің талғамымыз басқаша. Біздің әніміз керемет жазылған. Жоғары сапада.

Ән мен вокалдан бөлек сахналық қойылым да ерекше. Жарық, реквизит, графика, бәрі ұтымды ойластырылған. Тіпті аспанда қалықтап жүретін дельфин де таң қалдырмай қоймайды. Сценарий бойынша Бекнұр мен Әлинұр ағайындылардың рөлін сомдайды. Ағасы інісіне ертегі әлемін көрсетіп, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ екенін дәлелдегісі келеді. Ең бастысы ниет ету керек.   

Айбек Молдабаев, Қазақстандық делегацияның жетекшісі:

– Бекнұр ағасы Әлинұрға қолын созып, екеуі ертегі әлеміне сапар шегеді. Одан кейін барлығы мүмкін, ең бастысы сену керек  екендігін дәлелдейтін шағын тосын сыйымыз болады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

Бекнұр мен Әлинұрдың нөмірі жүз процент отандық өнім. Әннің француз тіліндегі сөзін шетелдік жазғаны болмаса. Осылайша, қазақстандық мамандар әлемдік деңгейдегі шоу жасауда бәсекеге қабілетті екендіктерін дәлелдегісі келеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы