«Junior Eurovision 2021» байқауының жеңімпазы анықталатын сәт таяп келеді

Бүгін Junior Eurovision-2021 байқауы жеңімпазының есімі анықталатын күн. Кешкі сағат тоғызда «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен қазақстандық дуэт «Ертегі әлемі» әнін орындайды. Өнер кешінің бірінші бөлімі аяқталғаннан кейін 15 минут ішінде Бекнұр мен Әлинұрға тағы да дауыс беруге болады. Финалдың алдында жас орындаушылар баспасөз мәслихатына қатысқан еді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- «Балалар Евровидениесі-2021» байқауының финалистері журналистермен кездесті. Ұлттық іріктеулерден өткен 19 орындаушының ішінде қазақстандық дуэт ең жасы. Бекнұр тоғызда, Әлинұр он бір жаста.

Әлинұр Хамзин өз сұхбатында «Junior Eurovision» арқасында бірінші рет шетелге шығып, Франция астанасын өз көзімен көргенін айтты.

Әлинұр Хамзин, байқау қатысушысы:

- Менің сүйікті қалам Париж. Junior Eurovision-2021 байқауы мен үшін ең үлкен, ең мағыналы конкурс. Және мен кішкентай кезімнен бастап Парижге келіп, Эйфель мұнарасын көруді армандаған едім.

Бекнұр Жәнібекұлы, байқау қатысушысы:

- Французша рэп қосу маңызды деп тапқан себебіміз мен Францияда тұрамын. Ал еуропалықтар француз рэпін жақсы көреді. Сондықтан неліктен тырысып көрмеске?

Баспасөз мәслихаты кезінде қатысушылар жақындарына жазған хаттарын да жария етті. Әлинұр анасын сағынғандығын және Парижден сыйлық әкелетінін айтса, Бекнұр жаратушыдан ковидтың таралуын тоқтатып, барлығының дені сау болғанын сұрады.

Еске салып өтейік,  vote.junioreurovision.tv сайтына кіріп, таңдау жасау тегін. Өзіңізге ұнаған үш орындаушыға дауыс беріп, Бекнұр мен Әлинұрды қолдауды ұмытпаңыз.

Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...