Junior Eurovision 2021: Финал басталды

«Балалар Евровидениесі-2021» байқауының финалы басталды. Франциядағы халықаралық ән додасын Хабар телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. Қазір бізбен Париждегі Ля Сена Мюзикал концерттік кешенінен тікелей эфирге тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы шықты.

Мақпал, қазір мен Junior Eurovision байқауының баспасөз орталығындамын. Ал қатысушылардың барлығы сахнаға шығуға өз бөлмелерінде дайындалып отыр. Қазақстан оныншы болып өнер көрсетеді. Шектеулерге байланысты орындаушылар мен журналистерді оқшаулап тастаған. Бірақ концерт барысын қабырғада орналасқан үлкен экран арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар.

Ұйымдастырушылар ковидке байланысты аккредитациядан өткен журналистер санын мүмкіндігінше азайтқан. Тілшілерден бөлек тікелей эфирде әлеуметтік желілер арқылы хабар таратып отырған интернет блогерлер де бар. Бірнеше күнге созылған дайындықтан кейін балалардың сәл шаршағаны байқалады. Бірақ жеңіске деген ұмтылыстары ерекше, көңіл-күйлері көтеріңкі. Егер жеңімпаз атанса, алдымен кімге хабарласатындарын да жоспарлап қойыпты.

Әлинұр Хамзин, байқауға қатысушы:

– Сразу барша Қазақстанға осылай хабарлайтын боламын. Тікелей эфирмен хабарлайтын боламын. Сондықтан күтіңіздер.

Әлинұр да, Бекнұр да жеңімпаз болып танылса, ата-аналарынан сыйлық сұрамайтынын айтады. Халықаралық додаға қатысып, Қазақстанның намысын қорғаудың өзі тағдырдың берген үлкен сыйы дейді олар.

Байқаудың биылғы басты ерекшелігі, әрине, пандемия жағдайында өтуі. Сонымен қатар, әдетте, жыл сайын қараша айында ұйымдастырылатын ән додасы биыл желтоқсанда өтіп жатыр. Өйткені түсірілімге жауапты Франс Телевизион компаниясы бірер күннен кейін Еуропадағы католиктер кеңінен тойлайтын рождество қарсаңында көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлағысы келген. Концерт өтетін залдың сыйымдылығы үш жарым мың адам, ал түсірілім кезінде кадр сыртында үш жүздей қызметкер жұмыс істейді. 19 елде көрсетіліп жатқан финалды 32 миллион көрермен тамашалайды деген болжам бар. Ал жеңімпаздың есімі бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен шамамен түнгі 23:30-да белгілі болады.