434,34 494,00 5,52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Junior Eurovision 2021 байқауының финалы аяқталуға жақын

  • 114
  • UPD: 00:13, 20.12.2021

«Балалар Евровидениесі-2021» байқауының финалы аяқталуға жақын. Франциядағы халықаралық ән додасын «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Бірер сәттерден кейін жеңімпаздың есімі анықталады. Қазір бізбен Париждегі «Ля Сена Мюзикаль» концерттік кешенінен тікелей эфирге тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы шыққалы тұр. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Мақпал, қазір мен Junior Eurovision байқауының баспасөз орталығындамын. Ал қатысушылардың барлығы сахна жақта. Бекнұр мен Әлинұр, өнер көрсетіп болғандармен бірге партерде қазылар алқасы мен көрермендердің шешімін күтіп отыр. Кезінде Әміре Қашаубаев Париж сахнасына шығып, көрермендерді таң қалдырған феномен бүгін де қайталанды десе болғандай. Залдағы көрермендер ғана емес баспасөз орталығындағы журналистер де ду қол шапалақтап, таңданыстарын жасырмады. Ұйымдастырушылар ковидке байланысты аккредитациядан өткен журналистер санын мүмкіндігінше азайтқан. Тілшілерден бөлек тікелей эфирде әлеуметтік желілер арқылы хабар таратып отырған интернет блогерлер де бар. Бірнеше күнге созылған дайындықтан кейін балалардың сәл шаршағаны байқалады. Бірақ жеңіске деген ұмтылыстары ерекше, көңіл-күйлері көтеріңкі. Егер жеңімпаз атанса, алдымен кімге хабарласатындарын да жоспарлап қойыпты.

Әлинұр Хамзин, байқауға қатысушы:

– Бірден Қазақстанға хабарлайтын боламын. Тікелей эфирмен хабарлайтын боламын. Сондықтан күтіңіздер.

Әлинұр да, Бекнұр да жеңімпаз болып танылса, ата-аналарынан сыйлық сұрамайтынын айтады. Халықаралық додаға қатысып, Қазақстанның намысын қорғаудың өзі тағдырдың берген үлкен сыйы дейді олар. Байқаудың биылғы басты ерекшелігі, әрине, пандемия жағдайында өтуі. Сонымен қатар, әдетте, жыл сайын қараша айында ұйымдастырылатын ән додасы биыл желтоқсанда өтіп жатыр. Өйткені түсірілімге жауапты Франс Телевизион компаниясы бірер күннен кейін Еуропадағы католиктер кеңінен тойлайтын рождество қарсаңында көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлағысы келген. Концерт өтетін залдың сыйымдылығы үш жарым мың адам, ал түсірілім кезінде кадр сыртында үш жүздей қызметкер жұмыс істейді. Ал жеңімпаздың есімі бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен шамамен түнгі 23:30-да белгілі болады. 

Хабар 24 телеарнасы