Давид Чарлин «Junior Eurovision 2022» байқауына дайындықты бастады

«Junior Eurovision 2022» байқауында ел намысын қорғайтын қазақстандық жас әнші Давид Чарлин дайындықты бастап кетті. Әлем назар салатын ән додасы биыл желтоқсан айында Арменияның Ереван қаласында өтеді. Естеріңізде болса, «Хабар» агенттігі 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату одағына мүше болып келеді. Қазақстан бұл байқауға бесінші рет қатысады.

Анасынан аумай қалған 11 жасар Давид Чарлиннің арманы Арменияда өтетін ән байқауында топ жару. Осы биікті бағындыру үшін алматылық әнші бала қазір ұстазы Наталья Шураковамен бірге тыңғылықты дайындалып жүр. «Ұлым қаршадайынан еңбекқор болды. Алдына  қойған мақсатына жетпей тынбайды. Сондықтан оның  вокалдық қабілетін байқаған соң бірден білікті маманға бердім», - дейді анасы.

Инга Чарлина, Давидтің анасы:

- Давидтің қазір бос уақыты жоқ. Әр сағаты есептеулі. Бір кездері таэквондоға қатысты. Үш жылдың ішінде біршама жетістіктерге жетті. Енді міне ән өнеріне қанат қақты. Жақында Ақтөбеде өткен вокалдық байқауға мен бара алмадым. Балама үйде отырып  тілекші болдым.  Junior Eurovision байқауына қатысады дегенді естігенде қуаныштан жүрегім жарыла жаздады.

Жалпы Чарлиндер отбасы өнерлі екен. Давиттің әкесі де жас кезінде ән айтып сахналарға шықса, туған әпкесі де музыкаға жақын көрінеді. 7 жасынан бастап әртүрлі байқауларға қатысып келе жатқан Давид Чарлин жақында Ақтөбеде өткен  "Baqytty bala-2022" халықаралық байқауының дипломанты атанды.

Давид Чарлин, "Baqytty bala-2022" байқауының дипломанты:

- Арменияда өтетін Junior Eurovision байқауына дайындықты қазірден бастап кеттік. Әзірге ешқандай толқыныс байқалмайды. Мүмкін жақындағанда болатын шығар. Қазір қазақшамды жақсарту үшін арнайы тіл мамандарымен жұмыс жасап жатырмын.  Қазақстанның атынан сынға түсетін болған соң қазақша таза сөйлеу керек деп ойлаймын.

«Қолым қалт ете қалса теннис ойнаймын. Ал ұйықтар алдында әлем классиктерінің әнін тыңдағанды ұнатам»,- дейді Давид Чарлин. Ол сондай-ақ Димаш Құдайбергенді үлгі тұтатынын және Димаш секілді әлемге танымал болғысы келетінін жеткізді.

Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Сондай-ақ...