368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі дарынды балалар «Евровидение-2018» сайысына қатысу үшін өтініш беріп жатыр

  • 600
  • UPD: 21:55, 01.08.2018

Қазақстан – дарындар мекені. Отандастарымыз мұны талай рет байрақты бәйгелерде дәлелдеді.

Әсіресе ән байқауларында жас өрендер топ жарып жүр. Енді талантты жастарды анықтайтын тағы бір дода елімізде жалауын көтермек. Бүгін «Евровидение» халықаралық балалар ән байқауына іріктеу басталды. Биыл беделді конкурсқа Қазақстанның да жас әншісі қатысады. Бұл «Хабар» Агенттігінің Еуропалық тарату одағымен ұзақ жылдар бойы жүргізген келіссөздерінің жемісі.

Жас өрендер бұл байқауды асыға күткені байқалады. Себебі бүгіннің өзінде бірнеше бүлдіршін қатысу үшін өтінім берген. Солардың бірі Сәния Алтынбекқызы. Ол 5 жасынан бері ән айтады. Бірақ кәсіби түрде дайыналып жүргеніне 2 жылдай болды. Күніне 2 сағатын вокалға арнайды. Бүгінге дейін бірнеше халықаралық байқауларға қатысқан.

Сәния Алтынбекқызы:

- Мен балалар Евровидениесіне қатысуды армандамын. Егер  мен осы байқауға қатыссам Дженнифер Хадсон әнін орындаймын. Өйткені бұл ән менің вокалдық қабілеттерімді көрсетеді. Әрине мен болашақта әлемдік әнші болғым келеді. 

Іріктеу кезеңіне қатысу үшін өтінімдер KHABAR.KZ сайтында қабылданып жатыр. Қабылдау тамыздың 31-не дейін жүргізіледі. Одан соң қыркүйектің 7-не дейін қазылар алқасы финалистерді анықтайды.

Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар директоры:

- Әр үміткерді өз әнімен қатысуға шақырамыз. Яғни ән ешқайда жарияланбаған әлеуметтік желіде, басқа конкурстарда айтылмаған әндермен қатысуға шақырамыз. Ән қай тілде, стилі қандай шектеу қоймаймыз.

Ән байқауына кез-келген қазақстандық бала қатыса алады. Бастысы жас ерекшелігі 9 бен 14 аралығында болуы қажет. Конкурстың Ұлттық іріктеу сынында жүзден жүйрік шыққан талантты көрермендер дауыс беру арқылы таңдайды. Жеңімпаз Минскте өтетін халықаралық байқауда ел намысын қорғайды. 

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Осы категория бойынша: « «Евровидение» балалар ән байқауына қатысу туралы өтінімді «Хабар» арнасының сайтында беруге болады Балалардың «Евровидение» ән байқауына қатысу ережелерімен «Хабар» арнасының сайтынан танысуға болады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы