360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Junior Eurovision 2018» байқауында өнер көрсетуге үміткер – Данэлия Тулешова

  • 205
  • UPD: 22:04, 22.09.2018

22 қыркүйекте Алматыда «Junior Eurovision 2018» байқауына қатысатын жас дарынның есімі белгілі болады.

Республика көлеміндегі ақтық сынға алдын ала іріктеуден өткен 10 әнші қатысады. Тізімде әзірден-ақ аты шығып үлгерген алматылық Данэлия Тулешова бар.

12 жастағы Данэлия «ес білгелі ән саламын» деп әзілдейді. Жасөспірім 10 жасына дейін өз бетінше өнерге талпынып, шағын конкурстарға қатысып жүріпті. 

Данэлия Тулешова, «Junior Eurovision 2018» ұлттық іріктеуінің финалисі:

– Кішкентай күнімде үйдегілерге шағын концерт қойып, қошемет көрсеткендеріне мәз болатынмын. Алғаш вокалға барғаным есімде. Мен вокалға барып, дауысыммен жұмыс істеу керектігін ойлаған да жоқпын. Бірінші сабаққа бардым да, әрі қарай қатысып кеттім. Бәрі солай ретімен болу керек сияқты. 

«Бала күнінде өте зерек, ақылды болды. Кез келген дыбысты дәлме-дәл қайталап беретін дарыны бар», – дейді ұстаздары. Анасы қызының өнерге бейім екенін байқап, өсе келе әнге құмарта бастағанын айтады.

Елена Тулешова, анасы:

– Ол өте мейірімді. Басқа балалармен ойнап, достық қарым-қатынас орнатқанды ұнатады. Шағын конкурстарға қатысу арқылы қызым ашыла түсті. Ортада өзін еркін ұстайтын болды. Біздің вокалдан сабақ беретін педагогымыз Наталия дарынын әрі қарай дамытуға көп көмектесті.

Наталия Чуракова, продюсер:

– «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бар. Бұл – өте кірпияз, тынымсыз еңбекті қажет ететін жұмыс. Жалпы баламен жұмыс істеу оңай емес. Әрине, қиындықтар болды, бірақ уақыт өте келе оны жойдық. Ұстаз әр баланың жүрегіне жол таба білу керек. Жақсы жағын көре білу керек, сонда тамаша әншіні тәрбиелеп шығуға болады.

25 қарашада Минскіде өтетін байқауға үздіктің үздігі ғана қатысатын болады. Әзірге республикамыздың әр аймағынан таңдап алынған жас әншілер 22 қыркүйекте өтетін шешуші сайысқа дайындалып жатыр. Ірікітеуден өткен 10 бала гала-концертте өнер көрсетіп, көрермен SMS немесе қоңырау шалу арқылы үздікті таңдайды. Дауыс беруге сондай-ақ қазылар мүшесі де қатысады. Ал жеңімпаз әділқазы мүшелері мен көрермендердің берген жиынтық дауыстары бойынша анықталады.

Авторлары: Индира Оразалинова, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы