369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мейіржан Жидебай – Junior Eurovision 2018 іріктеу кезеңіне жолдама алғандардың бірі

  • 426
  • UPD: 19:25, 21.09.2018

Ақтөбелік Мейіржан Жидебай – Junior Eurovision 2018 байқауы финалына жолдама алған жеткіншектердің бірі.

7-сынып оқушысы бұған дейін де бірнеше республикалық және халықаралық сындарға қатысып, жүлделі орынды иемденген. Сондықтан Минск қаласында өтетін балалар Евровидениесіне жолдама алудан үмітті.

Жас әншіге алғашқы музыкалық тәлім-тәрбие берген анасы көрінеді. Кәсіби музыкалық білімі бар Бақытгүл Дәрменова бала күнінен ұлттық нақыштағы әндерді орындауға еліктірген. Ақан сері мен Үкілі Ыбырай, Біржан Салдың шығармаларын, халық әндерін Мейіржан мектеп табалдырығын аттағаннан орындап жүр.

Бақытгүл Дәрменова, М.Жидебайдың анасы:

- Алғашқы вокалдық сабақтарды өзім бердім. Сондай-ақ креативті түрде, жақсы, осы заман табалына сай әндерді орындау үшін жақсы маман іздедім. Қазір осы үш жылдан бері Лаура деген есімді вокалист апайынан сабақ алып жүр.

Кезекті вокал сабағының алдында таза ауамен демалып, серуенге шығу күнделікті әдетке айналған. Бұл дұрыс дем алып, тиісті нотаны орындау үшін маңызды.

22 қыркүйекке жоспарланған байқауға дайындық қызу жүруде. Бұл музыкалық жетекші Лаура Таусарова үшін де жауапты сәт. Талантты жеткіншекті баптап, жаңа белеске жеткізу ұстаз үшін жетістік деп біледі.

Лаура Таусарова, М.Жидебайдың ұстазы:

- Қазірде Мейіржанда мутациялық кезең болып жатқан соң даусы жайлап өзгере бастап жатыр. Сол мезетте даусын қадағалап, әлде де дұрыстап қойып, болашақта басқа конкурстарға жоспарларымыз әлі де көп. Бірақ қазіргі таңда барлық күшіміздің барын осы конкурсқа салып, жақсы, елеулі орын алуға үміттенеміз.

Қазақ эстрадасының әлемнің өзге елдерінен артықшылығы болмаса, кем емес екендігін дәлелдеу – Мейіржан Жидебайдың басты мақсаты. «Бұл орайда жол бастаған аға буын өкілдері де бар», - дейді.

Мейіржан Жидебай, байқауға қатысушы:

Негізі барлық әншілердің өнерін бағалаймын. Барлық әншілердің өнері ұнайды. Бірақ ерекше айтып кететін сүйікті әншім Димаш Құдайберген. Қазақ елінің мақтанышы.

Димаш Құдайберген кезекті жеке концертіне дайындық үстінде болса, жерлесі Мейіржан «Балалар Евровидениесі» сахнасын бағындыруға бел буған. Ал оның қорытындысы 22 қыркүйек күні «Хабар» арнасында белгілі болмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Гүлмира Досмұратова, Айбек Даутов

Осы категория бойынша: « Динар Нәдірбекова – Junior Eurovision 2018 ұлттық іріктеуінен өткен санаулы үміткердің бірі Junior Eurovision 2018. Минсктегі балалар байқауына қатысатын украиналық өнерпаз белгілі болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы