366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision 2018. Минсктегі балалар байқауына қатысатын украиналық өнерпаз белгілі болды

  • 109
  • UPD: 21:53, 21.09.2018

Биыл Украинада балаларға арналған Eurovision – 2018 байқауының ұлттық іріктеу сыны интернет арқылы ұйымдастырылды.

Мұндай онлайн әдіс – қаражат үнемдеудің амалы. Ғаламтор арқылы байқауға қатысуға 50-ден астам дарынды бала өтініш білдірген. Ал жеңімпаз өрен Беларусь жерінде өтетін өнер додасына қызу дайындалып жатыр.

Украина – балалар әніне арналған Евровидение байқауына 12 жыл бойы тұрақты қатысып келеді. Әйгілі өнер додасы украин жерінде екі рет: 2009 және 2013 жылдары ұйымдастырылған. Биыл қажетті қаражат қарастырылмағандықтан, байқауға іріктеу интернет арқылы өтті.

Оксана Скибинска, Junior Eurovision 2018 байқауына қатысушы Украинаның делегация басшысы:

– Биыл Украина бойынша іріктеу турын тарихымызда тұңғыш рет онлайн жүргіздік. Өтініш білдірген қатысушылар бейнебаяндарын жіберді. Дауыс беру жүйесі арқылы 10 бала ақтық сайысқа жолдама алып, ең мықтысын қазылар алқасы таңдап алды. Биыл Украинаның намысын 11 жасар Дарина Красновецкая қорғайды. Дарина – еңбекқор, талантты бала, қызымызға зор үміт артамыз.

Украиналық Дарина да – біздің Данэлия сияқты «Голос дети». яғни Украинадағы әйгілі «Балалар дауысы» телешоуына қатысқан дарынды бала. Винница қаласының тумасы биылғы байқауда ағылшын және украин тілінде бірлесіп жазған өз әндерін ұсынады.

Оксана Скибинска, Junior Eurovision 2018 байқауына қатысушы Украинаның делегация басшысы:

– Дарина бүгінде Минск қаласында өтетін өнер додасына қызу дайындықты бастады. Сахналық көйлектері тігіліп, әндерін пысықтап, жалпы нөмірін әзірлеу үстінде. Әлбетте, біз барлық құпияны аша алмаймыз. Уақытымыз аз қалды, сондықтан баршамызға сәттілік тілеймін.

Балалар әніне арналған Евровидение байқауына расымен уақыт аз қалды, ақтық сайыс Минскте 25 қарашада ұйымдастырылады. Биыл Қазақстан халықаралық өнер додасына тұңғыш рет өз үміткерін қатыстырмақ.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы