366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision 2018. Байқауға қатысатын үміткерлер би өнерін меңгеруде

  • 213
  • UPD: 01:26, 22.09.2018

«Junior Eurovision 2018» байқауына қатысуға үміткер 10 бала тек ән айтып қана қоймай, сахнада еркін қозғалып, би өнерін де меңгеруі тиіс.

Сондықтан оларды байқауға дайындап жүрген хореографтардың да жауапкершілігі зор.

Алатау баурайындағы әсем Алматыда өтетін гала-концертте жеңімпаз әншіні таңдау оңай болмайын деп тұр. Бұл байқауға қатысатын балалардың барлығы барын салып, өз өнерлерін жан-жақты көрсетуге тырысып бағуда. Қазір олар қаладағы ең үздік би мектептерінде сахнада жүріп-тұру мәдениеті мен әр түрлі қимыл-әрекеттерін үйреніп жатыр. 

Александр Филиппов, хореограф:

– Біз байқау үміткерлерімен екі күннен бері сабақ өткізіп жатырмыз. Дайындықтың барлығы да жылдам, аз уақыттың ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Менің дәрісіме келген үміткерлер жайында айтар болсам, өте еңбекқор, айтқанымды екі етпей орындайды. Кеше үйреткен би қимылдарын бүгін жаттап алыпты. Қазір биіміз 95 пайызға дайын, тек аздаған түзетулер енгізуім қажет.

Байқауға қатысқалы отырған дарынды балалардың барлығының бойынан өнерге деген, білмегенін үйренсем деген құлшынысты байқап отырмыз.

Дарья Филиппова, хореограф:

– Бізге екі үміткерді дайындау керек деген тапсырма берілді. Алдымен режиссерлермен кеңесіп, қандай би композициясын құруымыз керектігін анықтадық. Біздің үміткердің таңдаған әні де ерекше. Музыкасы да әдемі, сол себептен биді соған лайықтап қоюды ұйғардық. Меніңше, композициямыз көпшілікке ұнауы тиіс.

Биыл балалар байқауына әлемнің 19 елінен үміткер қатысады. Олардың ішінде Ресей, Сербия, Нидерланды мемлекеттерінің әнші балапандары бар. Бұл халықаралық додаға Қазақстан мен Уэльс алғаш қатысқалы отыр. Ал енді біздің елдің намысын кім қорғайтыны 22 қыркүйекте Алматыдағы «Халық Аренада» өтетін гала-концертте белгілі болады.

Авторлары: Индира Оразалинова, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы