371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Данэлия Тулешова Junior Eurovision 2018 байқауында Қазақстан намысын қорғайды

  • 764
  • UPD: 17:20, 25.09.2018

«Junior Eurovision 2018» халықаралық байқауында еліміздің намысын 12 жастағы Данэлия Тулешова қорғайды.

Ұлттық іріктеу байқауында көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған жас әнші 10 қатысушының ішінен үздік деп танылды.

«Хабар» агенттігінің бастамасымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған жобаға дайындық тыңғылықты жүрді. Оған бүгінгі қорытынды концерт дәлел. Жоғары техникалық деңгейде жарақталған сахна, кәсіби би қойылымдары шоу концерттің ажарын аша түскен. 

Жан Мұқанов, жобаның бас продюсері:

– 250 шаршы метрлік мұз айдынында тұтастай сахна жасадық. 300-ден астам жарық қойылды. 20 бейне камера жұмыс істеп тұр. Бұл – еліміздің тарихындағы елеулі оқиға. Халықаралық байқауда отандасымыз өнер көрсетеді. Осындай ауқымды шоуды ұйымдастырған «Хабар» агенттігі екенін айтқым келеді.

«Болар баланың бетін қақпа, белін бу». Үміткерлердің қолдаушылары тек осы ұстанымда. Көздерінен қуаныш пен үміт ұшқындаған балалар сахнаға шығар сәтті тағатсыздана күтті. 

Сүйкім Қабылбек, байқауға қатысушы:

– Анам мен әкем маған әрдайым сенетіндерін айтты. Әнді үш ай бұрын алдым. Күнде дайындалдық. Бұл ән оңай емес.

Табиғи талантынан бөлек, сахнаның барлық талабын меңгерген талантты бүлдіршіндер гала-концертте бұрын еш жерде орындалмаған авторлық әндерін шырқады. Айта кету керек, байқауға қатысуға 200-дей өтініш түскен. Қазылар алқасына ақтық сында өнер көрсететін жүзден жүйрікті таңдау оңай болмағаны анық. 

«Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілген ұлттық іріктеу байқауда жеңімпазды анықтауға көрермендер де атсалысты. Олар қатысушының нөміріне хат жіберу арқылы өз таңдауын жасады. Ал қазақ өнерінің жарқын тұлғасы Роза Рымбаева бастаған қазылар алқасы балалардың өнерін кәсіби тұрғыда бағалады. Айта кетейік, халықаралық байқау 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Беделді байқауға Қазақстан биыл бірінші рет қатысқалы отыр.

Ерлан Игісінов, «Хабар» арнасының директоры:

– Біз керемет шоудың куәсі болдық. Тағы да айтып өткім келеді, халықаралық байқау ережесі бойынша, оған Еуропалық хабар тарату ұйымына мүше елдердің өкілі ғана қатысуға құқылы. Айта кетейік, «Хабар» агенттігі – аталған одаққа мүше еліміздегі жалғыз арна. Беделді байқаудың сахнасында қазақ тілінде ән шырқалса, бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз.

12 жастағы Данэлия Тулешова гала-концертте «Өзіңе сен» әнін орындап, көрерменнің де, қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болды. Енді қазақ елі Минскіде Данэлияға жанкүйер болмақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Жеңімпазбен баспасөз конференциясын сілтеме арқылы көруге болады.

Осы категория бойынша: « Данэлия Төлешова Junior Eurovision 2018 байқауына 100% дайын Данэлия Тулешова Junior Eurovision байқауына арнап бейнебаян түсірді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы