366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Данэлия «Евровидение 2018» балалар байқауында орындайтын әні туралы ойымен бөлісті

  • 192
  • UPD: 17:49, 25.09.2018

25 қарашада Минск қаласында өтетін халықаралық «Евровидение 2018» балалар байқауына Қазақстан алғаш рет қатысады.

Ел намысын Данэлия Тулешова қорғайды. Ол ұлттық іріктеудің ақтық мәресінде 10 үміткердің ішінен топ жарды.

«Халық Арена» кешеніне жиналған жұрт балалар байқауының жолдамасы үшін бақ сынайтын 10 қатысушының өнерін жоғары бағалады. Соңғы болып сахнаға шыққан Данэлия Тулешова тыңдармандарды бей-жай қалдырмады. Ол «Өзіңе сен» атты авторлық әнін жоғары деңгейде орындап шықты. Жас талант Беларусь Республикасында өтетін байқауда ел намысын қорғайды.

Данэлия Тулешова, «Junior Eurovision 2018» ұлттық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

– Мен қолымнан келгенше тырыстым. Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Одан да жақсы орындауға болады. Өйткені кез келген қатысушы мұндай маңызды сәтте қатты толқиды. Мен де қатты қобалжыдым.

Жас әншіге композицияны таңдауға ұстазы Наталия Чуракова көмектеседі. Бірақ соңғы шешім жас таланттың өзінде. Өйткені әнші орындайтын әнін жанымен түсінуі керек.

Елена Тулешова, Д. Тулешованың анасы:

– Конкурсқа дайындық жұмыстары барысында маған ғана салмақ түспейді. Негізгі ауыртпалық музыкалық ұстазда. Ол үнемі Данэлияның дайындығын қадағалайды. Менің жұмысым – дайындыққа қолайлы жағдай жасау.

Ұлттық іріктеудің жеңімпазы бала кезінен ән шырқайды. Ал отбасы өнерпазға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Жас әншінің алдында әлі талай жеңісті тұғырлар тұр. Айта кетейік, Данэлия – Украинада өткен «Балалар дауысы» сайысының жеңімпазы. Өткен жылы ол «Еуропа үміткері» конкурсының бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

Данэлия Тулешова, «Junior Eurovision 2018» ұлттық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

– Менің әнімде адамның өткен шақпен немесе болашақпен емес, бүгінгі күнмен өмір сүру керектігі айтылады. Дәл осы шақты бағалау керек. Бір нәрсені армандаса, оны бірден қолға алу қажет. Бір реті болар деп, күтіп отыра беруге болмайды.

Жас әнші өзіне дауыс берген «Хабар» телеарнасының көрермендеріне алғысын білдірді. Ол осы әнін алда болатын ақтық сында да орындайды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы