369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алан Әжібаев: Junior Eurovision-ді Қазақстанда қабылдауға дайынбыз

  • 171
  • UPD: 22:18, 24.11.2018

Беларусь астанасы Минскіде Junior Eurovision-ге дайындық жұмыстары аяқталды.

Байқауға қатысушылардың барлығы концерт алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтады. Естеріңізге сала кетейін, 20 елдің өрендері қатысатын өнер сайысы 25 қараша күні кешкі сағат 21:00-де «Хабар 24» арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Әлемдік деңгейде өтетін ән байқауында туған еліңнің атауын естігенде, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Байқасаңыз, «Минск-Аренаның» сахнасына шыққан Данэлия Тулешова толқып жүр сондықтан. 12 жасар өренімізге артылған міндет салмақты.

Данэлия Тулешова, Junior Eurovision 2018 байқауына қатысушы:

- Қатты толқып тұрмын. Ертең концерт басталады.

Әйтпегенде ше. Қазақстан бұл ән байқауына Уэльспен бірге алғаш рет қатысып отыр. Және ел намысын қорғау бақыты һәм міндеті дарынды Данэлияға бұйырды. 15 жылдық тарихы бар өнер сайысы туралы қысқа да нұсқа. Бұл жолы мұнда 20 мемлекеттің әнші балапандары бабы мен бағын сынамақ.

«Минск-Аренадағы» Бабл рум аймағы. Бұл алаңда байқауға қатысушылар киінеді, боянады. Әр әнші балапанның өз бөлмесі бар. Мына жерде Нидерланды, мына жерде Мальта, Сербия. Ал бұл – Қазақстан. Данэлия қазір мына арада жоқ. Ол дайындық үстінде. Жалпы, қатысушылардың дайындығын осы жерден көруге болады.

«Минск-Арена» стадионында қазір соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қателеспесем, қазір біздің Данэлия да дайындалып жатқан секілді. Бірге тыңдап көрелік. Данэлия, алға. Бәріміз қолдайық. Дауыс берелік.

Данэлия Junior Eurovision-де Украина мен Португалия қатысушыларынан кейін үшінші болып сахнаға шығады. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі «Өзіңе сен» атты музыкалық композицияны орындайды. Өнер иесі дәл осы әнімен Алматыдағы ұлттық іріктеуде топ жарған еді.

Келесі Junior Eurovision-ді өткізуге біз де дәмеліміз. Аз да болса үміт бар. Не дегенмен, Қазақстан халықаралық ән байқауын қабылдауға дайын екенін өренімізді өнер сайысына әкелген «Хабар» Агенттігінің Төрағасы мәлімдеді.

Алан Әжібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма Төрағасы:

- Біз Junior Eurovision-ді Қазақстанда қабылдауға дайынбыз. Әлемдік деңгейдегі сайысты Алматыда өткіземіз бе, Астанада өткіземіз бе – оны қазір айту қиын. Егер ондай мүмкіндік туса, Junior Eurovision-ді қабылдайтын қаланы бірден хабарлауға тырысамыз.

Бұл сайыста айқын фаворит жоқ. Бәрі мықты. Бірақ кейбір қатысушылар ТМД төңірегінде танымал Тулешовадан сескенетінін біз осы күндері байқадық. Бес саусағынан өнер тамған өнерпаз өреніміз озықтардың ішінен озып шықсын десеңіз, Данэлияға дауыс беріңіз!

Авторлары: Ж.Б, Н.Б. және А.Б.

Осы категория бойынша: « Junior Eurovision-2018: дауыс беру финалдың тікелей көрсетіліміне дейін жүргізіледі Дәурен Абаев Данэлия Тулешоваға сәттілік тіледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы