371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Данэлия Тулешова: Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын

  • 592
  • UPD: 13:08, 04.12.2018
Данэлия Тулешова: Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын

Данэлия Тулешова «Junior Eurovision 2018» байқауында дүйім жұрттың ықыласына бөленіп, онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша үшінші, ал жалпы нәтиже бойынша алтыншы орынға ие болды.

Бұл да – үлкен жеңіс, зор мәртебе.

Данэлия – талантты әнші. Талабы таудай. Оған дәлел көп. Қаршадай қызымыз Алматыдағы ұлттық іріктеуде топ жарды. Небәрі 2 ай ішінде Минскідегі айтулы ән додасына аттанды. 20 елдің үмітін арқалап келген жезтаңдайлар арасында біздің өнерпаз дауыс беру нәтижесінде үшінші орынға ие болды.

Данэлия Тулешова, «Junior Eurovision» байқауына қатысушы:

– Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Қолымнан келгенше, өнер көрсеттім. Нәтиже жаман емес деп есептеймін. Мені қолдағандарыңыз үшін көп рақмет!

Еліне алғысы шексіз. Орынды. Додаға түскенде, қаршадай қыздың тілеуін тілегендер көп. Орындаған туындысы «Өзіңе сен» деп аталады. Бейнебаяны ерекше. Көз тояды. Көріністе Шарын шатқалының айрықша көркі әспеттеледі. Ұлы даланың үні еседі. Сазы мен сөзі үйлескен шығарма – түсіне білген жан үшін үлкен философиялық туынды.

Атап өтейік, дөңгеленген дүние жұрты көз тіккен «Junior Eurovision» байқауына біздің ел тұңғыш рет қатысты. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Данэлия үшін ақпараттық һәм қаржылық қолдау танытқан іргелі – «Хабар» агенттігі.

Алан Әжібаев, «Хабар» агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы:

– Дауыс беру барысында барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, Данэлияны қолдады. Сол үшін отандастарымызға алғыс айтамыз. Себебі 20 мемлекеттің ішінде көрермендердің қолдауымен үздік үштіктен көріну – шынында да айтуға тұрарлық жетістік.

Осылайша дарынды Данэлияның маңдайы жарқырады. Тек Данэлия емес, бұл жеңіс мұқым қазақ елінің мерейін үстем етті тағы да! Бірінші орын Польша өкілі Роксана Вегельде. Ал Данэлияның алар асуы, шығар биігі алда.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Жасын Біркенов

Осы категория бойынша: « Junior Eurovision 2018: Данэлия Тулешова дүйім жұрттың ықыласына бөленді
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы