Шетелдік саяхатшы Қазақстанды түйемен араламақ

Швециялық турист Кристиан Бодегнердің мақсаты - Зайсаннан Каспий теңізіне дейінгі аралықты 8 айда жүріп өту.

Саяхатшы қазақтың ұлан-ғайыр жерін түйемен аралауды жоспарлап отыр. Ол осылайша Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне жарнама жасамақ. Шетелдіктің айтуынша, халықаралық көрме көтеріп отырған «жасыл» экономика, баламалы энергия көздері тақырыбы оны бей-жай қалдырмаған. Швециялық жиһангез сапарын Моңғолиядан бастады. Астанаға ат басын бұрған шетелдік Каспийге дейінгі аралықты еңсеруді көздеп отыр. Айта кетейік, Кристиан Бодегнер құрылыс саласында еңбек етеді. Ал бос уақытында өзге елді аралап, тарихы мен мәдениет зерттегенді ұнатады.

Кристиан Бодегнер, саяхатшы (Швеция):

- Қазақстанға келу әуел бастан-ақ жоспарымда бар. Өйткені Жібек жолының бір тармағы осы елді басып өтеді. Сапар кезінде құнды әрі қызықты мәліметке қанығып қайтатыныма сенімдімін. Ал «жасыл» экономика жайы мені бұрыннан қызықтырады. Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесі аясында жаһандық экологияны оңалтуға қатысты тың ойлар айтылуы тиіс.