Маңғыстауда плезиозавр қаңқасы табылды

Маңғыстауда жер қазып жүрген жұмысшылар осыдан жүз миллион жыл бұрын  өмір сүрген алып жануардың қаңқасын тауып алды. Ұзындығы он екі метрге жуықтайтын омыртқа сүйекті зерттеген жергілікті ғалымдар оның бор дәуіріне жататын бауырмен жорғалаушыға тиесілі екеніне көз жеткізді.

Облыстық тарихи-өлкетау мұражайына жеткізілген құнды жәдігерге Ресейден арнайы шақыртылған мамандар да сараптама жасады. Қорытындысында алып қаңқаның ежелгі Тетис теңізін мекендеген плезиозавр екендігі анықталды.

Мамандар жазғы ыстық басылысымен сүйек табылған құмды жерде қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Қаңқа сүйектері толық табылған жағдайда құрастырылып, өңірлік мұражайға келушілер назарына ұсынылмақ. Айта кетейік, мұндай ірі көлемдегі полентологиялық қазба ел тарихында алғаш рет тіркеліп отыр.

Анар Қуанышева, өңірлік тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

– Маңғыстауды жұмбақ жайлап, аңыз өрген өлке деп айту тегін емес. Бұдан да үлкен, бұдан да ірі жануарлардың табылуы әбден мүмкін. Ғалымдар зерттесе, полеонтолог ғалымдар келсе, ақшалай көмек бөлінсе, әлі де жануарлардың қаңқасы табылады деген сенімдеміз.