EXPO көрмесі жабылатын күні, яғни 10-шы қыркүйекте әдеттегі жұмыс тәртібі бойынша жұмыс істейді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы хабарлады. Халықаралық шараның жабылу салтанаты сағат 20.00-де басталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келушілерді тақырыптық тосын сыйлар күтеді. Сол күні көрме аспанында кешкі сағат 6-дан 11-ге дейін әдемі ән мен әсерлі күй қалықтайтын болады. Оған отандық эстрада жұлдыздары мен ұлт аспаптар оркестрінің өнерпаздары қатысады. Соңында мерекелік отшашу көрсетіледі. Көрме тек түнгі сағат 3-те жұмысын тоқтатады. Марат Омаров, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры: – Ресми билет кассалары 18:30-да жұмысын тоқтатады. Ал 19:00-де көрменің барлық кіреберістері жабылады. Себебі осы кезде отшашуға дайындықтар жүргізіледі. Халықаралық павильондарға кіру 20.00-де тоқтатылады. Оңтүстік және батыс кіреберістері сағат 22:00-ден бастап қайта ашылып, түнгі 1-ге дейін көрмеге келушілерді қабылдайды. Денис Давыдов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ қауіпсіздік департаменті директорының орынбасары: – Айтулы шараны жоғары деңгейде, абыроймен өткізу – біздің басты мақсатымыз. Сол үшін барымызды салып жатырмыз. Келушілердің қауіпсіздігі үшін күніне 3 мыңға жуық тәртіп сақшысы мен жекеменшік күзет қызметі тартылған. Ал жабылу рәсімі күні Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның 500 әскери қызметкері қосымша жұмылдырылады.